ОАР-дың бұрынғы президенті 15 айға қамауға алынды

Primary tabs

Jun 30, 2021 / 0 comments

Оңтүстік Африка Республикасының бұрынғы президенті Джейкоб Зума сотты сыйламағаны үшін 15 айға түрмеге қамалды деп хабарлайды BBC NEWS. 

Басылымның мәліметінше, Джейкоб Зума бес күн ішінде полицияға берілмесе, оны тұтқындауға ордер шығуы мүмкін. 73 жастағы Зума 2009-2018 жылдар аралығында ОАР президенті болған. Оның билігі кезінде елде сыбайлас жемқорлық белең алған. 2018 жылдың ақпан айында партия өкілдері Джейкоб Зуманың отставкаға кетуін талап еткен. Сол жылдың наурыз айында оған жемқорлық, бопсалау және ақшаны жылыстау бойынша айып тағылған.

Сондай-ақ , Зуманың гомосексуалдар мен өзінің көп әйелі туралы фактіге қатысты айтқан мәлімдемелері қоғамда дау тудырған. Мемлекет басына келген жаңа билік бұл айыптауларды тергеу үшін "мемлекетті басып алу ісі бойынша комиссия" немесе "Зондо комиссиясы" деп аталатын сот комиссиясын құрған.

Джейкоб Зума сот алдына бір ғана мәрте барып, одан кейін ғимаратқа келуден бас тартқан. Ал комиссия Конституциялық сотқа жүгініп, экс-президенттің заң бұзғанын айтқан. Осыдан кейін іс Жоғары сотқа берілген.

"Зума мырза өз іс-әрекетін түсіндіру үшін сотқа келуден бас тартты. Оның орнына ол сот жүйесінің беделін түсіруге бағытталған арандатушылық, лайықсыз және қорлаушы мәлімдемелер жолына түсті", - дейді Жоғары соттың төрағасы міндетін атқарушы Сиси Хампепе.