Пандемия 7 жылға созыла ма? Мамандар болжам жасады

Primary tabs

Mar 03, 2021 / 0 comments

Коронавирус пандемиясы қашан бітуі мүмкін? Мамандар түрлі болжам айтады. Бірі пандемия 2027 жылға дейін созылады деген де болжам жасаған. Пандемия мерзімі туралы пікірін айтқандар қатарында президент те, миллиардер де бар. Tengrinews.kz тілшісі пандемия аяқталу кезеңі туралы болжамдарды жинады.

АҚШ президенті болжам жасады

Кеше АҚШ президенті Джо Байден пандемия мерзімі бойынша болжам жасады. БАҚ өкілдерімен кездесуде журналистер президентке пандемия туралы сұрақ қойған.

 

Оған Байден дүние жүзі бір жылдан кейін қалыпты өмірге оралатынына үмітпен қарайтынын айтты.

"Маған бұл сұраққа жауап бермеу керегі ескертілді, өйткені біз нақты білмейміз, бірақ келесі жылдың осы уақытына дейін біз қалыпты өмірге ораламыз деп үміттенемін. Мүмкін одан да ертерек оралып қалармыз", - деп жауап берді Байден.


© Reuters

"Әлем 2022 жылға дейін коронавирус пандемиясын жеңе алмайды"

Таяуда Microsoft негізін қалаушы миллиардер Билл Гейтс америкалық CNN телеарнасының эфирінде пандемияға болжам жасады.

Миллиардердің пікірінше, әлем 2022 жылға дейін "қалыпты өмірге" оралмайды. Бұл пандемияны тоқтату үшін шаралар жеткіліксіз қабылданғанына байланысты екенін айтады.

"Әлем 2022 жылға дейін коронавирус пандемиясын жеңе алмайды. Мәселе мынада, біз бүкіл дүние жүзі бойынша пандемияның аяқталуын қамтамасыз ету үшін жеткілікті жұмыс істеп жатқан жоқпыз", - деді Гейтс.


© Reuters

Билл Гейтс коронавирустың жаңа штамдары және қайта жұқтыру дерегіне байланысты адамзат 2022 жылы да инфекциямен күресуге мәжбүр болатынын болжап отыр.

Бірақ, оның пікірінше, вакцинацияға байланысты америкалықтар биыл күзде "коронавирусқа дейінгі өміріне" оралуы мүмкін.

"Карантин 2022 жылға дейін созылады". Билл Гейтстің пандемия туралы болжамдары

Пандемия 7 жылға созылады

Ал Bloomberg таяуда қорқынышты болжам жасады. Басылым мәліметінше, коронавирус пандемиясы әлі жеті жылға созылады.

Агенттіктің хабарына қарағанда, инфекцияны жеңу үшін әлем тұрғындарының 75 пайызына вакцина салу керек. Күн сайын әлемде 4,5 миллионнан аса вакцина салынады, бірақ әр адамға екі дозадан салу қажет, сондықтан халықтың көп бөлігін вакцинациялау шамамен жеті жылға созылады екен.


© Reuters

Bloomberg болжамына сүйенсек, вакцинаны тарату процесі кезінде адамзатта бұрын-соңды болмаған логистикалық қиындық туындайды, көптеген елде әлі вакцинация басталмаған.

Есеп бойынша, АҚШ-та бұл процесс 11 айға созылады. Онда күніне 1,3 миллион адамға вакцина салынады. Бұл көрсеткіш бойынша алда тұрған - Израиль (әр 100 адамға 58 доза), мұнда халықтың 21 пайызына толықтай вакцина салынған.

"Қалыпты өмірге 2023 жылы ораламыз"

Билл Гейтстің ізімен ресейлік миллиардер, "Русала" и En+ акционері Олег Дерипаска да пандемия аяқталатын мерзім туралы пікірін айтқан. Оның пікірінше, пандемия 2023 жылға дейін аяқталмайды.

"Пандемияның аяқталуы туралы түрлі жалған болжам жасауды жақсы көретіндер J.P. Morgan-ның таяуда өткен жыл сайынғы денсаулық сақтау конференциясының материалдарын мұқият қарасын.

Оған қатысушылардың бәрі дерлік пандемиядан әлі екі жыл құтыла алмаймыз деп санайды. Яғни, 2023 жылдың мамыры - ең ерте және оптимистік мерзім, сол кезде экономика мен өміріміз дағдарысқа дейінгі жағдайға орала бастауы мүмкін. Менің ойымша, бұған шынайы қарау керек.

Бұл жерде дәрігерлерге, мұғалімдерге және халықтың егде жастағы тобына сәтті және жылдам вакцинация жүргізіп, ковид-паспорт енгізгенде және қатаң карантиндік шаралар сақталғанда ғана болатынын түсінуіміз керек", - деп жазды Forbes тізіміндегі кәсіпкер Telegram-каналында.


© Reuters

"Вирус адамзаттан кетпейді"

Даниялық DR телеарнасының мәліметінше, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Еуропа өңірі бюросының басшысы Ханс Клюге пандемия бітетін мерзім туралы пікірін айтқан.

"Ең жаманы артта қалды. Біз вирус енді тараған 2020 жылғы қарағанда ол туралы көбірек білеміз", - дейді Клюге.


© Reuters

ДДҰ өкілі ұйымның емес, өз атынан пандемия бітетін мерзім туралы болжам жасады. Крюгенің пікірінше, биыл пандемия аяқталмайды.

"Вирус адамзат арасынан кетпейді, бірақ келесі жылдың басында шектеулер керек болмайды", - деді ол.

Бірақ Ханс Клюге дүние жүзінде эпидемиологиялық жағдай қалай өзгеретінін ешкім білмейтінін, нақты болжам жасау мүмкін емесін де айтты.