Полицейлер халыққа құқықтық кеңес берді
Primary tabs
Қарасай ауданындағы ықшам аудандарда «Аулада қабылдау» акциясы жүріп жатыр, деп хабарлайды Kaskelenkz тілшісі.
Акция барысында қала тұрғындары жол-қауіпсіздігі, көші-қон заңнамасы, автокөліктерді тіркеу, жүргізуші куәлігін алу, жеке куәлік, төл-құжат алу, автокөліктерге қосымша бөлшектер орнату және әкімшілік айыппұлдарды төлеу жөніндегі мемлекеттік қызметтерді көрсету жұмыстары бойынша құқытық кеңес алды.
Тамыздың 16-да аудандық Полиция басқармасы Жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығы полиция подполковнигі Əділ Мейрамбекұлы бастаған тәртіп сақшылары «Асыл арман» тұрғын үй кешенінің ауласына арнайы шатыр орналастырып, көпшілікті ақпараттандыруға кірісті.
Ал, келесі күні қаладағы тәртіп бұзу деректерін азайтып, тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған шара Қаскелең қаласындағы "Алтын ауыл" ықшам ауданында жалғасты.
Тұрғындар тарапынан ҚР азаматтығын қабылдау және азаматтығы жоқ тұлға мəртебесін алу жөнінде, тұрақты тіркеуге тұру, отбасылық-тұрмыстық қатынастарда əкімшілік құқық бұзушылықтарда жазалау түрлері, мерзімі, жəбірленушіге көрсетілетін көмек туралы, көлікке салынған айыппұлдардың көлемі, төлеуді жеделдету бойынша сұрақтар көп болды. Оларға полиция қызметкерлері толыққанды жауаптар қайтарып, барлығын жан-жақты түсіндірді.