Райымбек ауылындағы бекетте әскери сарбазды соққыға жыққан бұзақы ұсталды

Primary tabs

Apr 21, 2020 / 0 comments

51 жастағы азамат Райымбек ауылындағы карантиндік аумақта патрульдеп жүрген әскери қызметкерді соққыға жыққан, деп хабарлайды Kaskelenkz тілшісі Алматы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

16 сәуір күні сағат 16-30 шамасында төтенше жағдай кезінде арнайы шақырылған құрамында екі әскери сарбаз бар патруль өздеріне бекітілген Қарасай ауданының Райымбек ауылының аумағын патрульдеген.
«Патруль талабы бойынша тоқтаған Лада Гранта көлігінің 51 жастағы иесі автокөліктен шығып, өзгелерінің алыста тұрғанын пайдаланып, 24 жастағы әскери сарбазды соққыға жыққан. Жергілікті тұрғын оқиға орыннан із суытқан. Қазіргі уақытта күдікті азамат ұсталды және уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды»,- деді Қарасай АПБ Тергеу бөлімінің тергеушісі полиция лейтенанты Айдын Сейітов.
Аталған дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 380-бабының 1-тармағына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдіктінің бұған дейін қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны, яғни 2004 жылы денсаулыққа қасақана жеңіл жарақат салғаны үшін сотталғаны анықталды.