Танымал ресейлік дипломат Тоқаев туралы: Онымен келіссөз жүргізу өте қиын
Primary tabs
Танымал ресейлік дипломат, БҰҰ Бас хатшысының бұрынғы орынбасары Сергей Орджоникидзе "Хабар" телеарнасында көрсетілген Қазақстан президенті туралы "Преодоление" атты деректі фильмнің екінші бөлімінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың дипломат ретіндегі негізгі қасиеттері туралы сөз қозғады.
Қазақстан президенті туралы "Преодоление" фильмінің екінші бөлімін тамашалаған көрермен Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлемдік аренадағы сіңірген еңбегі туралы біле алды. Сонымен бірге фильмде 2002-2011 жылдардағы БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Сергей Орджоникидзе Қасым-Жомарт Тоқаевтың дипломат ретіндегі негізгі қасиеттерін атап өтті.
"Маған Қасым-Жомарт Тоқаевтың қызметінен бір ұнағаны - оның үлкен жаһандық мәселелерден бөлек, кішігірім дүниелерге де назар аудара білуі, себебі екеуіне бірдей назар аудармаған болсаңыз, жағдай күрделене түсетіні анық: сіз қашан да мәселені тек жалпылама біліп, оны сарапшылар деңгейінде білмейтін боласыз.
Ал ең қиын нәрсе - сіздің қарсыласыңыз мәселені сарапшылар деңгейінде білген кезде келіссөздер жүргізу. Мен бұны сыртқы істер министрі және орынбасары тұрғысынан жақсы білемін. Қасым-Жомарт Тоқаев дәл осы қасиетімен көпке танымал.
Сондықтан ол Қазақстанда осындай үлкен қолдауға ие болды және шетелде беделді мемлекет қайраткері ретінде танылды, өйткені ол проблемаларды өте жақсы білді. Менің есімде қалған осындай адамдар қатарында Андрей Андреевич Громыко (1957-1985 жылдардағы КСРО Сыртқы істер министрі - ред.), Сергей Викторович Лавров бар - олармен келіссөз жүргізу өте қиын.
Қасым-Жомарт Тоқаев та сондай жан. Олар әрине әр түрлі уақытта өмір сүретін түрлі адамдар, мінездері де ұқсамайды, десе де мәселені түбегейлі білетін адам қарсыласы үшін қиын жағдай тудырады", - деп түсіндірді ол.
Дегенмен, Орджоникидзенің, сөзіне қарағанда, Қасым-Жомарт Тоқаев ешқашан менмендікпен немесе шабуылдайтын сипатта келіссөздер мен сұхбаттар жүргізген емес, сонымен бірге қарсыластар әрдайым оның сұрақтарды сарапшылар деңгейінде қоя білетін өте білімді министр екенін бетпе-бет жүздесу барысында бірден түсінетін.
"Тоқаев әрдайым қарсыласына түзу ниетпен қарады. Бұл дипломатияда өте маңызды.Егер сіз бір нәрсеге риза еместігіңізді көрсетсеңіз, агрессивті түрде сөйлесіңіз және жылы сөз айтпасаңыз, онда сұхбаттасушыңыздың сізбен келісу мүмкіндігі өте аз болады.
Бір-бірімен оңайлықпен үйлесе қоймайтын қасиеттердің таңғаларлық үйлесімі - бұл өте маңызды әрі күрделі қасиет. Сондықтан мен Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы қаруды қолдана алатынына қашан да таңдана қарайтынмын", - деп қорытындылады ол.