Тұрғындарға өрттен сақтану қажеттігін ескертті

Primary tabs

Feb 10, 2019 / 0 comments

Астанада бір отбасындағы бес баланың өмірін қиған қайғылы жағдайдың дүйім елді дүрліктіріп, көкейге үрей ұялатқаны белгілі. Осыған орай, қазалы отбасына көңіл айтқан Президент барлық өңірдің әкімдері құзырлы органдармен бірлесіп, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бақылауды күшейтуді, сондай-ақ тиісті тексерістер ұйымдастырып, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуі тапсырды.

Бұл мәселеге қатысты Қарасай аудандық төтенше жағдайлар жөніндегі бөлімде бірқатар нақты жұмыстар қолға алынған көрінеді. Сондай іс-шаралардың біріне каскелен кз тілшілері де қатысты. 6 ақпан күні ұйымдастырылған «Қауіпсіз үй» профилактикалық жұмысына жас отан жастар қанатының бастауымен бірқатар еріктілер де өз үлесін қосуға ниет білдіріпті.

Сонымен, өрт сөндірушілер мен еріктілер, журналистер болып рейдке аттандық. Мамандардың бастауымен бет алған бағытымыз - Қаскелең қаласындағы Байғазиев көшесінің бойындағы  екі қабатты жатақхана тектес, жекешелендірілген пәтерлер болды.

Біздің келгенімізді көрген көрші үйдің тұрғыны аталған ескі баспананы мекендеп жүрген жандардың жағдайы жайлы біраз ақпарат берді. Білгеніміз, жақыда осындағы пәтерлердің бірінде өрт шығып,көп балалы отбасы қызыл жалынның құрбаны бола жаздаған. Куәгерлер балапандардың періштесі қағып қана олар аман қалды деп отыр. Себебі, бұл көне үйдің қабырғалары құлап, едені сықырлап, іші әбден ескірген.Өрт сөндірушілердің де осында келген себебі сол, пәтерлерін өз күштерімен жылытып, тамақты газ баллондарын қолдану арқылы жасап, суды сырттан тасып күн кешетін қала тұрғындарына қауіпсіздік шараларын барынша сақтауды ұмытпауды ескерту еді.

Осы жатақханаға жақын орналасқан тағы бір сондай үй бар. Өрт сөндірушілер ол жерге де барды. Мұнда көршілеріне қарағанда ілгерілеушілік байқалады, өйткені,  газ кіргізілген. Дегенмен, көне үйдің тұрғындарына тілсіз жаудан сақ болу жайлы ескерту кезекті рет жасалып, жадынамалар таратылды.

Аудандық төтеншеліктердің айтуынша, мұндай жұмыстар жылыту маусымы аяқталғанға дейін жүйелі жүргізілетін болады.