Шамалғанда теміржол апатынан соң жаңа көпір салынып жатыр

Primary tabs

Jul 27, 2021 / 0 comments

Алматы облысы Шамалған стансасында теміржол үстінен өтетін көпір салынып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«QazAvtoJol» ұлттық компаниясы АҚ «Орталық-Оңтүстік» бағытындағы Нұр-Сұлтан – Қарағанды – Балқаш - Приозерск – Бурылбайтал - Шу – Алматы аймақтарындағы жолдардың салыну барысын таныстырып, көрсету мақсатында баспасөз турын ұйымдастырды.

Соның барысында Алматы облысы Шамалған стансасындағы теміржол бойындағы көпір құрылысының жұмысы таныстырылды.

«Біз қазір Шамалғанда тұрмыз. Бұл жерде жол құрылысы жұмысы қызу жүріп жатыр. Оқиғаны әріден бастасақ, осыдан 2 жыл бұрын осы стансаның теміржол өткелінде пойыз бен автобус қақтығысып, көлік апаты болған еді. Содан кейін жолды қайта салу мәселесі қаралып, қазір жаңа теміржол көпірі салынып жатыр. Салынып жатқан жолдың жалпы ұзындығы 6 шақырымды, ал көпірдің ұзындығы 350 метрді құрайды», - деді «QazAvtoJol» ұлттық компаниясы АҚ Алматы облыстық филиалының басшысының міндетін атқарушы Болатбек Айтбаев.

Оның айтуынша, теміржолдың үстінен көпір салу жолаушылар және теміржол қызметі үшін де оң шешім.

«Ендігі уақытта жаяу жүргіншілер, көлік және пойыз бір-бірінің қатанысына кедерді келтірмейді. Бастысы қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Бұл жерден күніне 50 мыңнан астам көлік өтеді. Көпір құрылысын 250-ден астам маман және 128 техника жұмылдырылды. Жобаны жылдың соңына дейін аяқтап, халықтың игілігіне беру жоспары тұр», - дейді ол.

Еске сала кетсек, 2019 жылдың қыркүйек айында Шамалған стансасында пойыз бен автобус соқтығысып, жол апаты болды. Жолаушылар автобусы рельске шығып кеткен. Оқиға орнында автобус жүргізушісі мерт болып, тағы 3 адам Қарасай аудандық ауруханасының жансақтау бөліміне жатқызылған еді.

Қайғылы оқиғадан соң Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жапа шеккендердің туған-туыстарына көңіл айтты.