Қаскелеңде әлемнің 10 мемлекетінен 450 үміткер келген үлкен байқау өтуде
Primary tabs
Жыл сайын Қаскелең қаласында орналасқан Сулеймен Демирел университетінің базасында, аталған оқу орны мен еліміздің Білім және ғылым министрлігі, сондай-ақ, «Дарын» республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығы бірлесіп, INFOMATRIX –ASIA жобасын өткізеді. Сәуірдің 11-14 аралығында өтіп жатқан өнертапқыштар сайысына биыл әлемнің 10-ға жуық елінен 450 үміткер келіп бақ сынауда, деп хабарлайды Kaskelenkz тілшісі.
Байқау аясында жоғарғы сынып оқушылары робототехника, бағдарламалау, компьютерлік графика және өнер, басқару жүйесі (hardware), қысқаметражды фильм, дрондар жарысы (drone racing) және математикалық жобалар сынды жеті номинация бойынша бақ сынауда.
Шараның мақсаты – ақпараттық технологиялар саласындағы шеберлікті шыңдау, түрлі мемлекеттен жоғары сынып оқушылары мен оқытушыларын біріктіріп, ұлтаралық қатынастарды нығайту, сонымен қоса Қазақстан мәртебесін әлемдік ақпараттық кеңістікте асқақтатуға бағытталған.
Жалпы, университет INFOMATRIX-ASIA байқауын ұйымдастырумен 2013 жылдан бері айналысып келеді. Соңғы жылдардың статистикалық мәліметі бойынша 2013 жылы жобаға әлемнің 13 елінен 190 үміткер қатысса, соңғы алты жыл аралығында 350-ден аса талапкер байқауға қатысу арқылы оқу орнының ішкі грантына ие болып СДУ-дан білім алуда.
Биылғы жылғы байқаудың бағдарламасы ерекеше ауқымды. Іс-шара аясында робототехника көрмесі мен роботтар сайысы, сонымен қатар мәдени ойын-сауық шаралары өткізілмек. Байқау қорытындысы бойынша жеті номинанациядан топ жарған бас жүлде иегерлеріне 100 % білім гранттары тағайындалады. Қалған жеңімпаздар оқу орнының 50 % жеңілдігіне ие болып, бағалы сыйлықтармен марапатталады.
Осылайша, ұйымдастырушылар INFOMATRIX-ASIA жобасын жылдан жылға талантты жастардың жоғары сұранысына сай бірегей алаңға айналдырып, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының жүзеге асуына үлес қоспақ.