Қаскелең музей залдары, витриналары, экспонаттары
Primary tabs
Музейдің залдары мен бөлімдері Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың өмірі мен қызметіне және үш мың жылдық тарихы бар Қарасай жеріне арналған. Олар «Тәуелсіздік» залы, «Археология», «Тарих» залдары, «Аудан мен қала тарихы» залы. ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа арналған 4 зал бар: «Балалық шағы», «Мектеп кезеңіне» арналған зал, «Есею жылдары» және «ҚР Тұңғыш Президенті» залы. «Ауданның бүгінгі күнгі жетістіктері» залында аудан территориясында орын алған өндірістік мекемелер, мектептер, мәдени орталықтар, спорт жетістіктері қатысты мәліметтер жинақталған.
Музей Мемлекетіміздің символы - «Тәуелсіздік монументінен» басталады.
Музейдің келесі залы Қарасай өңірінің көне археологиялық бастауын елестетеді. Мұндағы жәдігерлер тарихи реттілікпен орналасқан. Алғашқы витринада осы музейге еңбегі сіңген еліміздің басты археологтары Карл Байпақов пен Жәкен Таймағамбетовтардың фотосуреттері ілінген. Палеолит кезеңінің пышақ, қырғыш сияқты еңбек құралдары, Темір дәуірінің бұйымдары, Қола дәуірінде пайдаланған мыс қазан мен ортағасырлық қыш ыдыстар, мыс теңгелер т.б. жәдігерлер өз ретімен археология бөлімінде орын алған. --- Сонау заманынан бастап Қазақ хандығының құрылуы мен қалыптасуына ат салысқан басшылар мен мемлекет қайраткерлері туралы үлкен стендтен танып білуге болады. Онда Керей ханның, Қасым ханның, Есім ханның, Салқам Жәңгірдің, Тәуке ханның, Абылай ханның суреттері бейнеленген, сонымен бірге қазақтың төбе билері Қазыбек би, Төле би, Әйтеке билердің де фотосы осында ілулі.
«Ауданның ортағасырлық кезеңі» залы бойынша экскурсия Қарасай, Наурызбай, Әйтей батырлардың ерлігімен таныстырудан басталады. Көрерменнің назарын осы бөлмедегі Нұржан Қарымсақовтың «Қарасай батыр бабамыздың шайқасы» атты суреті бірден тартады. Бұл майлы бояумен салынған жас суретшінің картинасы, қазақ батырларының жоңғар шапқыншылығы кезеңіндегі қаһарманды күресін айқындайды. Сонымен қатар бұл залда қазақ батырларының әскери сауыты, ат әбзелдері, металлдан құйылған зергерлік бұйымдар және Елбасының жеке қорынан алынған экспонаттар орын алған.
Келесі залда Қаскелең ауданының құрылуы мен қалыптасу тарихы баяндалады. Тұрмыстық бұйымдар, сол кезде қолданылған ақша-банкноттар, облигациялар, сирек кездесетін бірегей құжаттар осы залдың негізгі экспонаттары. Сонымен қатар, қайраткер тұлғалар С. Керімбеков, Б. Әшекеев, Ж. Бәрібаев, П. Виноградов тәрізді азаматтар мен сол кезде ақындық өнерімен танылған ақын айтыскерлер, әншілер Қаражанова, Итақов, Нұрлыбаевтың, Керімбековтың, Молдабековтың, Ұябаевтың, Әлімқұловтың, Бақыт Әшімованың фотосуреттері жеке стендке ілінген.
Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің суреттері, сол кісілердің әр кездердегі кездесу сәттері бейнеленген фотосуреттер, кітаптар, соғыста қолданылған заттар көрсетілген. Ауданның алғашқы басшылары мен хатшыларының фотосуреттері, басқа ұлт өкілдерінің тұрмыстық заттары бар бұл бөлім – ауданның құрылуы мен қалыптасуын көрсетеді. Сондай-ақ бұл бөлімнен музейдің Приходск училищесі болған кездегі фотосуретін, православ шіркеуі ғимаратының, Любовинск станицасының тұрғындарының фотосуреттерін тамашалауға болады. Жамбылдың қанттан құйылған мүсіні мен Ұзынағаш ауылындағы Жамбыл музейінің қасында орналасқан кесенесінің макеті қойылған.
Музейде ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың балалық шағынан, жігіттік дәуірінен, қайраткер басшы болған кезеңінен елес беретін фотосуреттер мен экспонаттар да арнайы залдарда орын алған. Осы залдар ҚР Президенті Н. Назарбаевтың 2000, 2002 жылдары өзімен бірге алып келген және де Президенттің жеке қорынан алынған экспонаттармен, фотосуреттермен толықтырылған. Осы залдағы үлкен экспозициямыз Нұрсұлтан Әбішұлының әулетіне арналады. Стендте Әбіш Назарбайұлының портреті ілінген. Стендте Нұрсұлтанның анасымен 1962 жылы түскен портреті ілінген.
«Текті білу тексіздікке ұрындырмайды», – дей отырып алғашқы экспозиция «Шежіре» кестесі ілінген витринадан басталады. Онда Бәйдібек баба, оның үш әйелінің бірі Зәріп анадан тараған Жалманбет, Шапырашты, Малды Ыстық, Есқожа, Алтынай, Қарасай, Көшек, Айдар, Мырзатай, Қамбаба, Еділ, Назарбай, Әбіш, Нұрсұлтан... сияқты даңқты есімдер жазылған. Сонымен бірге мұнда Әбіш Назарбаевтың отбасының фотосуреті ілінген. Осылармен бірге витринада «Президенттің балалық шағы» атты Бейбіт Сапаралының екі кітабы мен қарт ұстаз Сейітхан Исаевтың «Ұлы дала перзенті» атты кітабы қойылған.
Бұларда Нұрсұлтан Әбішұлының ғұмырбаян деректері, естелік-толғаулар молынан қамтылған. Ал, экспозицияның ең құнды дүниесі болып, Әлжан апамыздың қолы тиген ұршығы бүгін де көпшіліктің назарын аулауда. Әрі қарай Үшқоңыр ауылындағы орталық мешіттің макеті тұр. Президенттің туып-өскен жері Үшқоңыр төбесі бейнеленген, өлшемі 2х3-ті билборд музейіміздің ортасынан орын алып отыр.
Ал, келесі залдағы экспозиция Нұрсұлтан Әбішұлының Шамалған ауылында оқыған кезеңіне арналған. Витринаның төрінде Нұрсұлтан Назарбаевты бірінші сыныптан төртінші сыныпқа дейін бастауыш сынып пәндеріне оқытып, қолына алғаш қалам ұстатқан ұстаз Тәкура Алғадайқызы Ысмайылованың фотосуреті ілінген. Шамалғандағы ескі мектеп үйінің фотосуреті және «бестіктер» қатары тізілген Н. Назарбаевтың үлгерім табелі қойылған. Нұрсұлтанның бала кезіндегі досы Виктор Мельниченкомен және бозбала кезіндегі достары Қайсар Дыбысовпен және Қасымбек Бекдайыровпен түскен фотосуреттері ілінген.
Одан кейінгі витрина Қаскелең қаласындағы Абай орта мектеп-интернатында өткен жылдарына арналады. Залдың сол жақ бетінде орналасқан стендте Абай мектебінің ескі ғимаратының (қазіргі тарихи-өлкетану музейі) фотосуреті ілінген. Келесі, 1957-1958 жылдары жоғары сыныпта оқыған болашақ Президентті білім нәрімен сусындатқан ұстаз-тәрбиешілер - Әбдірахман Байжанов пен (1948-1968 жылдар аралығында мектеп директоры), Сейітхан Исаевтың (1948 жылдан тарих пәнінің мұғалімі және Н. Назарбаевтың класс жетекшісі болған) фотосуреттері, Абай мектебінің алдындағы салтанатты жиын, соңғы емтихан алдында 1958 жылғы түскен Елбасының фотосуреттері және ортаға Абай мектебінің 1957-1958 оқу жылының 21-ші түлектерінің виньеткасы, «Ұлан» газетінің 1990 жылы шыққан нөмірінде Президенттің мектеп кезіне арналған мақаласы ілінген. Сонымен қатар экспозицияда жасөспірім Нұрсұлтанның «Юный натуралист» үйірмесіне қатысқан 1958 жылғы суреті, 1955 жылы кластастарымен түскен суреті және 1958 жылы Қаскелең қаласында 1-Мамыр мейрамы кезінде ту ұстаушылар қатарында тұрған Нұрсұлтанның фотосуреттері ілінген. --- Осы залда скульптор Абдрахмановтың Елбасының жасөспірім кезіне арналған мүсіні қойылған.
Кішірек витринада қойылған пионерлік барабан мен сырнай сол өткен кезеңдерден елес беріп тұрғандай. Осы витринаның жоғарғы жағына ілінген стендте Абай мектебінде ашылғалы бері еңбек еткен ұстаздардың фотосуреттерімен, осы мектептің ашылуына ат салысқан ұстаз Әбіжан Байсалбаевқа арналған «Первый учитель» мақаласы жазылған «Ленинская знамя» газетінің 1967 жылғы нөмірі ілінген. Залдың ортасынан орын алған Нұрсұлтан Әбішұлы оқыған кездегі парта, қылқалам, сиясауыт және 50-ші жылдардағы шот келушілер назарын өзіне тартады.