Қаскелең қаласы қалай өзгеруде?
Primary tabs
Қарасай ауданының 90 жылдық мерейтойына орай, біраз іс қолға алынып жатқандығын бұған дейін де айтқан болатынбыз. Әсіресе, Қаскелең қаласына көп көңіл бөлініп, жан-жақты жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгін солардың біразына шолу жасап көруді жөн санадық.
Енді Алматы қаласынан біздің аудан орталығына бет бұрған жолаушылар жол бойында қоныс тепкен мына түйелерге назар аудармай өте алмасы анық. Шын жануарлардан аумайтын бұл мүсіндер бұл жерде өткен аптаның соңына таман ғана пайда болды. Әрине, жақсы жаңалықпен қала әкімі Асқар Мұқашев өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында оқырмандарымен бірден бөлісті. Оның айтуынша, сонау көне замандағы Жібек жолы кезеңіне жетелеп, тарих тарауларын еске салатын бұл бейнелерге қала әкімдігі тапсырыс берген. Орындаған мердігер мекеме - алматылық «САҚ Холдинг» компаниясы. Ал, бұл әсемдікке қанша қаржы құйылғаны айтылмаған.
Әкім жазбасына пікір қалдырушылардың көзқарастары екіге бөлінгенін де айта кетейік. Бірі іскер басшыға алғысын жаудырып жатса, келесілері осы түйелерді қойғанша біздің көшемізді жөндеп беріңізші деп жатты. Дегенмен, келешекте тұрғындар бұл игі істің қадірін біліп, әкімнің еңбегін бағалай білсе, бұл мүсіндердің аудан мерейтойынан жақсы әрі көз тартар естелік болып қалары сөзсіз.
Қала тұрғындары байқап үлгерген тағы бір үлкен шаруа ол – аудандық әкімдік пен орталық алаңның жөнделуі. Қазір мұндағы іс тіптен қарқын алған. Әкімдік сыртына жабынды ілініп, қабырғалары өзгертілуде. Ал, орталық алаңдағы азғана жыл бұрын төселген брусчаткалар қайта алынып тасталды. Ауа райының құбылғанына қарамастан бұл жерде бір топ жұмысшылар бригадасы тынбай еңбектеніп жатыр. Бірақ, аудандық әкімдіктің де, аудан әкімінің де әлеуметтік желідегі парақшаларында бұл науқанға қатысты ешқандай жазба жоқ. Соған қарағанда, бұл өзгеріс үлкен тойда көпшіліктің таңдайын қақтыратын ерекше тосынсый болса керек.
Аудандық мәдениет үйінің алды да қазір адам танымастай өзгеріп, құлпырып келеді. Бұрындары айтқанымыздай, мұнда жаңа саябақ пайда болып, болшақта аудан тұрғындарының және қала қонақтарының сүйікті демалыс орнына айналмақ. Қазірдің өзінде өнер ордасының алды тегістеліп, айналасы қоршалып, жаңа брусчаткалар төселіп үлгерді.
90 жылдық қарсаңында ауданымыз барынша гүлденіп, көгалданып жатқанын да айта кеткен жөн. Абылайхан көшесінің бойындағы, Алтын ауыл ықшам ауданының маңына егілген гүлдермен «Ауданға – 90 жыл» деп жазылды. Сондай-ақ, Қаскелеңге Шамалған жақтан кіре берістегі айналма да гүлге орануда. Көктемде егіліп, біраз қараусыз қалып қойған розалардың жабайы шөптен көрінбей қалғаны өтірік емес еді. Міне, енді оларға қайта көңіл бөлінді. Тіпті, жаз айының ортасында жұмысшылар жаңаларын отырғызып әлек.
Бұдан бөлек, Қаскелеңнің жолдары да жаңалануда. Әсіресе, орталық бес көше толықтай тегістеліп, тротуарлар салынды. Қарасай батыр көшесіндегі бұл жұмыстар аяқталуға жақын болса, Төле би көшесінде енді басталды. Ал, Әбен Өмірәлі мен Аубай Байғазиев көшесінде енді жаңа тротуарлар бар. Қала әкімі осыған дейін бізге берген сұхбатында бұл науқан кезінде қаланың шеткері көшелері де қамтылатынын айтқан еді.Ауқымды істің нәтижесін алдағы уақыт көрсетері анық.