Қызылордада алты жасар баланың өлімі туралы "тың ақпарат" таратқан адамға іздеу жарияланды

Primary tabs

Apr 29, 2021 / 0 comments

Әлеуметтік желілерде 6 жасар баланың өлімі туралы тың ақпарат пайда болды. Қазіргі уақытта тәртіп сақшылары аудиожазбаның авторын іздестіріп жатыр деп хабарлайды Kaskelen.kz тілшісі Қызылорда облысы полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Жазбада әйел өзін көршісімін деп таныстырып бірқатар ақпараттарды ұсынған. Оның сөзінше, жоғалған бала зорланып, аяусыз өлтірілген. Содан кейін бүлдіршінді құдыққа тастады, дейді жазба авторы.

"Мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде жоғалып кеткен баланың өлімі туралы аудиожазбасы таралуда. Біз бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдейміз", - деп хабарлады ведомство.

Қазір жалған ақпарат таратқан әйелді анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Облыстық полиция департаменті жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.

Еске сала кетсек, бұған дейін құзырлы органға Қызылорда қаласы Титов қыстағында​ 2015 жылы туған Бақыт Альтаирдің жоғалып кеткені туралы арыз түскенін хабарлаған едік. 

Ата-анасының айтуынша, алты жасар Бақыт 27 сәуір күні сағат 10:00 шамасында үйінен ойнауға шығып кетіп, қайта оралмаған. Ал бүгін жоғалып кеткен алты жасар баланың мәйіті табылды.