Қызылорда станциясының көлік полицейі бір отбасыны өрттен аман алып қалды
Primary tabs
«Күндізгі сағат 13:30 шамасында көрші үйден көмек сұраған әйелдің жанұшыра айқайлаған даусы естілді. Үйден шыға бере көрші үйдің өртеніп жатқанын көрдім. Іле-шала өрт шыққан үйге қарай жүгірдім. Өртке оранған үйдің ішінде 1 жасар баланың қалып қойғанын естіп, үстіме суық су құйдым да, бірден үйдің ішіне кіріп кеттім. Төргі бөлмеден Айлин есімді кішкентай бір жасар қызды тауып алып, қауіпсіз жерге шығарып үлгердім»,- дейді Қызылорда станциясының көлік полицейі Дархан Әбдікәрімов. «Бәрінен маңызды - ол адам өмірі. Үй иелерінің өрттен аман-сау қалғанына қуаныштымын», - деп қуанды Дархан.
Өрт осы жылдың 16 қазанында Қызылорда қаласы Нұр-Орда шағын мөлтек ауданында орналасқан көпқабатты үйлердің біріндегі пәтерде орын алған. Көмек сұраған осы үйдің Жайна есімді тұрғыны.
«Тілсіз жау жуынатын бөлмеден шықты. Анам екеуміз өртті өзіміз сөндіруге тырыстық. Алайда, өрт бізге бағынбай үйдің басқа бөлмелеріне қарай өршіді. Дәл сол кезде бойымды қоқыныш биледі. Менің айқайлап көмек сұраған даусымды Дархан есімді кісі бірінші естіп, бірден көмекке келді», - дейді Жайна. Оның айтуынша, үй иелерін қауіпсіз жерге шығарған Дархан, түтін басқан үйдегі электр желілерін ажыратып, қауіптілігі бар, тез жанып, жарылып кететін заттарды подъезге шығарған. Көршілерден су тасып беруін сұрап, өртті сөндіруге әрекет жасаған.
«Дарханың полицей екенін білетінбіз. Осы әркетінен-ақ қызметіне деген адалдығын көрдік. Алғысымыз шексіз. Осындай батылдыққа баратын полицейлеріміз көп болса екен», - деп алғысын білдірді Жайна Әбдіқалықова.
Расында, Дархан Есенгелдіұлы Қызылорда станциясының Желілік полиция бөлінісіндегі Штаб бөлшесінің аға инспекторы. Полиция аға лейтенанты.
Бүгінгі күні өз өмірлерін қатерге тігіп, азаматтық борышын адал өтеп жүрген тәртіп сақшыларын – бейбіт күннің батырлары десек, артық емес. Олар өздерінің жедел әрі үйлесімді әрекеттерінің арқасында қаншама азаматтардың өмірін аман алып қалуда. Қызылорда станциясының көлік полицейлері мұндай істерін антқа деген адалдығымыз деп біледі.
Біз де Дарханды көлік полициясының мақтанышы деп нық сеніммен айта аламыз.
Арамызда осындай ісіне адал, қажет кезінде айналасындағы адамдарға қол ұшын беруге дайын тұратын, жанын арынан биік қоятын азаматтардың барын әрдайым мақтан тұтамыз, әрі олардың жарқын істерін үлгі етеміз.