Өмірге қауіп төндіретін тоқтарға кім жауапты?

Primary tabs

Mar 04, 2019 / 0 comments

Ұмтыл ауылдық округіне қарасты Алмалыбақ ауылы Мұхамеджанов көшесіндегі көпқабатты үйлердің тұрғындары редакциямызға хабарласты. Олар ауладағы ағашқа ілініп тұрған тоқ сымынан адам өміріне келер қауіп көп екенін айтып дабыл қағуда. Тұрғындар бірнеше мәрте жауапты мекемелерге барып, арыз қалдырған. Алайда, ондағылар тұрғындар бұл мәселені өз есебінен шешулері қажет деп қайтарып жіберген көрінеді.

Осы мәселеге қатысты біз Ұмтыл ауылдық округі әкімдігінің қызметкерлерін арнайы шақырып, мән-жайды білгіміз келді. Алайда әкімдік қызметкерлері бұл мәселе бойынша Аудандық электр жүйесі мекемесі жауапты деп аттондарын ала қашты.  

Ағашқа салбырап әрең ілініп тұрған иесіз осы сым арқылы 6-шы үйдегі пәтерлерге электр қуаты беріледі. Сол сым арқылы үйлерге кірген электр энергиясы үшін пәтер иелері ай сайынғы төлемдерін де төлеп келеді.  

Осы сұрақ бойынша біз дәл  сол ауладағы көршілес үйдің бірінші қабатында орналасқан Қарасай аудандық электр жүйесі Алмалыбақ бөлімшесінің қызметкерлерінен жауап алуға тырыстық. Олардың сөзіне қарағанда, бұл тоқ сымы еш жердің балансында жоқ екен. Келешекте бұл іс қолға алынып, шешімін табатынын жеткізді.

Ендігі кезекте тұрғындар, қандай да бір қайғылы жағдай орын алмай тұрғанда, жауапты мамандар уәдесінде тұрып, бұл мәселенің шешілуіне ықпал етеді деп үміт артып отыр...

Нұргүл Әлменбетова