35 мың Қазақстандық Кореяға жұмыс іздеп кетті

Primary tabs

Apr 02, 2021 / 0 comments

Жұмыс іздеп, Оңтүстік Кореяға кеткен қазақстандықтар саны 35 мыңнан асты. Оның 12 мыңға жуығы Корей түбегінде заңсыз жалданып, нәпақасын тауып жүр. Еңбек мигранттарының басым бөлігін еліміздің оңтүстігінен барғандар құрайды екен. Олардың жат жерде құқығы тапталып, қауіпсіздігіне зиян келіп жатқан оқиғалар да жиілеген.


Соңғы жылдары басын қауіп-қатерге тігіп, шекара асатын отандастарымыздың қатары күрт артқан. Кореяға жерлестеріміздің басым бөлігі, қарыздарынан құтылуға баратын көрінеді.

2014 жылы Оңтүстік Кореяға бар-жоғы 359 отандасымыз заңсыз жұмыс істеуге аттанса, 2019 жылы бұл көрсеткіш 12 мыңға жетіпті. Олардың көбі 20-35 жас аралығындағы еңбекке белсенді азаматтар екен. Бірақ, жат елде жәутеңдеп жүрген қаракөздеріміз басы ауырып, балтыры сыздаса медициналық көмекке де жүгіне алмайды. Белгісіз дерттен қайтыс болған жандар да жетерлік.