Bek Air апаты: Шенеуніктерге үкім шықты

Primary tabs

May 12, 2021 / 0 comments

Алматы облысының Талғар аудандық соты бұрынғы шенеуніктер мен риэлторға Bek Air ұшағы апат болған Алматы әуежайының жанынан жерді заңсыз бөліп беру ісі бойынша үкім шығарды. Бұрынғы үш шенеунікке 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Қалғандары 2,5 жылдан 4 жылға дейін сотталды деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

2019 жылы желтоқсанда Алматы әуежайы маңында Bek Air ұшағының апатынан кейін әуежайға тым жақын орналасқан жер учаскелерінің заңдылығы тексерілген болатын. Тергеу барысында 5 шенеунік пен 1 риэлтор күдікке ілінді. Атап айтар болсақ, Рустам Тұрысбеков, Жарас Машимбаев, Медеу Қалыбеков, Берік Абдуллаев, Қайрат Алтынбекұлы, сондай-ақ делдал – риелтор Нұрайым Алданыш.

Бүгін, 12 мамырда сот үкімі шықты.

Жер регистрі ғылыми-өндірістік орталығы Талғар аудандық бөлімінің бұрынғы бастығы Жарас Мәшімбаевқа 4 жылға бас бостандығын шектеу туралы үкім шықты. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған рақымшылыққа байланысты оның мерзімі бір жылға дейін қысқартылды. Нәтижиесінде 3 жыл шартты жаза тағайындалды. 

Талғар аудандық жер қатынастары бөлімінің бұрынғы бастығы Рустам Тұрысбеков кінәлі деп танылып, мемлекеттік қызметтегі лауазымдарды атқару құқығынан 7 жылға айыра отырып, 5,6 жыл берді. Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған рақымшылыққа байланысты оның мерзімі қысқартылды. Нәтижесінде ол 4,1 жылды қауіпсіздігі шектеулі колонияда өтеуі керек болады.

Бұрынғы Жер кадастры ғылыми-өндірістік орталығы аймақтық бөлімі бастығының міндетін атқарушы Медеу Қалыбековке де 4 жылға бас бостандығын шектеу туралы сот үкімі шықты. Рақымшылыққа байланысты ол 3 жыл шартты жаза арқалады.

Басқарманың Жерге орналастыру секторының бұрынғы бастығы міндетін атқарушы Берік Абдуллаевқа 4 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Рақымшылықтың арқасында оған 3 жыл шартты жаза қолданылды.

Талғар аудандық жер қатынастары бөлімінің бұрынғы бастығы Қайрат Алтынбекұлы кінәлі деп танылды. Сот оны 6 жыл мерзімге мемлекеттік қызметтегі лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, қауіпсіздігі шектеулі колонияда 4 жылын өткізуді бұйырды. Рақымшылыққа байланысты оның мерзімі қысқарып, колониядағы мерзімі 3 жыл деп тағайындалды. 

Риэлтор Нұрайым Алданыш 5 жылға бас бостандығынан айырылып, қауіпсіздігі орташа колонияға жіберілетін болды. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған рақымшылыққа байланысты оның мерзімі 2,6 жылға қысқарды.

Айта кетейік, бұған дейінгі процесте прокурор экс-шенеуніктерді, яғни, барлық сотталушыларды 4 жылдан 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын сұраған болатын. Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылдың 27 желтоқсаныңда "Bek Air" әуе компаниясының ұшағы апатқа ұшырады. Алматы - Нұр-Сұлтан бағытындағы ұшақ биіктікті сақтай алмай, бетон қоршауын бұзып өткен. Артынша екі қабатты тұрғын үйге соғылды, 12 адам мерт болды, 69 адам зардап шекті. Оның 51-і ауруханаға түсті.