«Ғасыр ұстазы» атағының иегері

Primary tabs

Feb 28, 2019 / 0 comments

Алия Абдуллаева – Көксай ауылындағы М.Мәметова атындағы орта мектебінде 1997 жылдан бастап қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беріп келеді. Алғашқы ұстаздық жолын осы білім ордасынан  бастаған ұстаз орыс, қазақ сыныптарының оқушыларына ана тілімізді мемлекеттік тіл тұрғысында бірдей жүргізіп келеді. Отбасылы, көп балалы ана ретінде де ауыл адамдарына да,  мектеп ұжымына өте сыйлы. Өзінің қарапайымдылығымен, білімдарлығымен әрқашан көзге түсіп, көптеген марапаттарға ие болып жүр. Өзге ұлт өкілдеріне мемлекеттік тіліміздің асқақ деңгейін және ұлттық салт – дәстүрлеріміз бен құндылықтарды дәріптеуде  өткізіп келе жатқан күнделікті сабақтары мен сабақтан тыс жұмыстарынан шәкірттеріміз үлен үлгі – өнеге алып жүр. Заман талабына сай үш тілді меңгерген ұстазымыз жаңашыл ұстаз ретінде де көптеген  курс, сыныптарға да атсалысуда. Сонау студент кезінде латын тілін институтта жүріп-ақ оқып алған ұстаз, бүгінгі таңда оның қолданысқа енуінің қолдаушыларының бірі. Аудандық, республикалық, облыстық әртүрлі деңгейде өткізілген жарыстарға қатысып, оқушылары да өзі де әрдайым жеңіс тұғырынан көрінуде. Атап айтсақ, аталмыш оқу  жылында «Ғасыр ұстазы» құрмет грамотасы және төсбелгісімен марапатталса, «Bilim – Orkeniety» Ұлттық инновациялық ғылыми - зерттеу орталығы ұйымдастырып өткізген «ХХІ ғасырдағы Ғылым және Білім» атты ІІ Халықаралық  ғылыми – тәжірибелік конференциясының байқауында  жеңімпаз атанып, ІІІ дәрежелі диплом алды, сол жинаққа үздік сабақ жоспары басылып шықты.

Сонымен қатар, «Самғау»  Республикалық  Қазақстан педагогтарының біліктілігін арттыру және қайта даярлау орталығы ұйымдастырған республикалық «Жырлайды жүрек» сайысында ой ұшқырлығын, кестелі сөз шеберлігін көрсеткені үшін Дәлелхан Ринат деген оқушысы І дәрежелі дипломға, ұстазымыз да сондай шәкірт тәрбиелегені үшін  алғыс хатқа (дипломға)  ие болды. Бұдан да басқа көптеген жетістіктерге жетуде талмай ізденіп жүрген ұстазымыз мектепішілік қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады, әрі жас маманға тәлімгер ұстаз. Қазақ елінің болашақ ұрпағына саналы тәрбие мен сапалы білім беруде шығармашыл, ізденімпаз ұстазымызға алдағы уақытта толағай табыстар мен жас мамандарға үлгі -өнеге болып жүре беріңіз деп тілейміз.

 

Майя Медерқызы,

М.Мәметова мектебінің  қазақ тілі

 мен әдебиеті пәні мұғалімі.