LS-10:Үйде, түнде, жалғыз емес, мектепте, күндіз, бірге
Primary tabs
Қазіргі ақпараттық қоғамда, дамыған заманда әсіресе, білім жүйесін жетілдіре түсу – кезек күттірмейтін мәселе. Ал, білікті мамандар бұл ретте
Lesson Study әдісінің тиімділігін алға тартады. Ол - мұғалімдер тәжірибесі саласындағы білім жетілдіруге бағытталған ынтымақтастық педагогикалық тәсіл. Lesson Study–ге жоспарлау, оқыту, қадағалау, оқыту мен оқуды талдау, өз қорытындыларын тұжырымдап, құжаттарды бірлесіп жүзеге асыратын мұғалімдер тобы қатысады. Lesson Study-дің циклін өткізген соң мұғалімдер педагогикалық тәсілдерді түрлендіріп немесе жетілдіріп, кейіннен ашық таныстырылым өткізу, баспада жариялау арқылы әріптестеріне таратады.
27 сәуір күні Қаскелең қаласында орналасқан Қаныш Сәтбаев атындағы орта мектеп базасында аталған тәсілдің мұғалімдердің зерттеу дағдыларын арттыруға әсері жан-жақты талқыланған ауқымды жиын өтті.
Ондағы мақсат – сабақты зерттеу әдісін тәжірибеге енгізуде мектеп басшыларына кәсіби қолдау көрсету еді.
Алдымен өңіріміздің әр аудандарынан жиналған 60-қа жуық мектеп басшыларын үлкен қонақжайлылықпен қарсы алған Сәтбаев мектебінің директоры Қорлан Тұрсынова жиынның маңызын айта келе, бірнеше жылдан бері өзі жетекшілік ететін білім мекемесінде осы әдісті қолдану арқылы қол жеткізген жетістіктерге тоқталды.
Қарасай аудандық білім бөлімінің басшысы Жарқын Нұрғалымов та арнайы келіп, педагогтарға жақсы тілегін жеткізіп, сәттілік тіледі. Бұдан бөлек, өзге де әріптестері тәсілдің артықшылығын айтып, күнделікті сабақ барысында алатын әсерлерімен бөлісті.
Жиынның ең қызықты бөлігі мектептің жиынжайында жалғасты. Мұнда бас қосудың басты қонағы Алматы қаласындағы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы педагогикалық шеберлік орталығының директоры Берік Асубаевтың сөзін педагогтар зейін қоя тыңдады. Қандай әдісті тәжірибеге енгізгенде де, тек қол жеткізген жетістікке тоқталмай, орын алған кемшіліктер мен кездескен қиындықтарды саралаудың маңыздылығы зор екенін айтқан ол тыңдаушылар тарапынан қойылған сұрақтардың барлығына толықтай жауап қайтарды.
Сондай-ақ, осыдан бірнеше жыл бұрын арнайы Жапон мемлекетіне барып, сол жақтың білім беру жүйесін байқап қайтқандағы әсерімен бөліскен маман, қарапайымдылық пен шынайылық қасиеттердің ұстаз бойынан табылуы да маңызды екенін айтты.
Осылайша, еркін пікірлесіп, көкейдегі барлық сұрақтарына жауап алған директорлар әрі қарай сыныптарда өткен шеберлік сабақтарында да тәжірибе алмасты.