Отбасы күніне арналды
Primary tabs
Қарасай аудандық орталық ауруханасында да 15 мамыр –Халықаралық отбасы күні мерекеленді, деп хабарлайды Kaskelen.kz тілшісі.
Отбасының қоғамда алатын орны ерекше. Ана мен бала денсаулығын сақтау, болашақ ұрпаққа дұрыс тәлім-тәрбие беру ,баланың болашақта елге пайдасы тиетін азамат болуы үшін отбасында алған өнегенің рөлі маңызды. Осыған орай ақ халатты абзал жандар емханаға келушілерге мүмкіндігінше отбасылық құндылықтарды нығайтуға бағытталған іс-шаралар өткізді.
Сәуле Малғараева бастаған аурухананың кәсіподақ ұйымы перзентханада егіз ұлды мереке күні дүниеге әкелген көп балалы ана Ақжан Кожағыметованы және Халықаралық оОтбасы күні бірініші болып тұңғышын дүниеге әкелген Айжан Байгунурованы құттықтап, бағалы сыйлықтар мен жас аналарға отбасында сәбиге күтім жасау туралы «Қуан сәби» кітапшасын сыйға берді.
Сонымен қатар, отбасын жоспарлау және дені сау сәби кабинеттерінде жас аналар мен болашақ аналар үшін денсаулық сабақтары ұйымдастырылды. Аурухана психологы Ұлбике Зуфтарова мен акушерка Жамиля Бейсенбаева ана болуға дайындалып жүрген кыз-келіншектермен кездесу өткізді. Бұл кездесулерде жүктілік кезінде ағзадағы болатын өзгерістер, дұрыс тамақтану қағидалары, жас ананың еңбек және демалу режимдері,босануға дайындық т.б. тақырыптарда пайдалы кеңес берілді.
Аудандық емханада «Ашық есік күні» акциясы жарияланып, ересектер мен балаларға психолог кеңесі, невропатолог кеңесі, қан қысымын анықтау, Кетле индексін анықтап беру сияқты бірқатар медициналық көмек түрі ұсынылды.
Сонымен қатар келушілердің барлығына салауатты өмір салтын қалыптастыруды насихаттау бойынша ақпараттық-түсіндіру құралдары таратылды.
«Халықаралық отбасы күнін» мерекелеу аясында келушілер мен емделушілер тарапынан аурухана ұжымына көптеген алғыстар айтылды.