Павлодар түрмесінде кісі қолынан көз жұмған адам екібастұздық блогер болып шықты
Primary tabs
Павлодарда қауіпсіздігі жоғары түрмеде кісі қолынан қаза болған адамның кім екені анықталды. Ол 14 жасар қызды зорлағаны үшін сотталған екібастұздық блогер болып шықты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
9 мамырда блогердің Instagram парақшасында жазба пайда болды. Ол жерде "Бүгін сүйікті әке, жар, сүйікті ұл және жай ғана жақсы адам Комм Юрий өмірден өтті. Мәңгі есте қалады" деп жазылған.
Павлодар облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің баспасөз хатшысы Гүлжан Әбдіғалиева Sputnik Қазақстан тілшісіне колонияда қаза тапқан адамның блогер Юрий Комм екенін растаған. Айта кетейік, бұған дейін 8 мамырда кешқұрым АП-162/4 мекемесінің санитарлық бөлмесінде адам өлтіргені үшін жазасын өтеп жатқан 44 жастағы ер адам өзге сотталушыны соққыға жыққан. Жәбірленуші медициналық көмекке жүгінбеген және әкімшілікке ешқандай арыз-шағым айтпаған. 9 мамырда соққыға жығылған ер адам алған жарақатынан жатқан жерінде көз жұмды.
40 жастағы блогер Юрий Комм өткен жылы саяжайда 14 жасар қызды зорлағаны үшін 15 жылға сотталды. Алайда ол өз кінәсін мойындамады. Оның әпкесі бауырының қылмыс жасамағанын, сондай-ақ қыз пәктігін жоғалтпағанын айтқан еді.