Өскемен қаласының әкімі кепілге алған әйелді босату үшін таңғаларлық қадамға барды
Primary tabs
Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар кепілге алған әйелді босату үшін бопсалаушымен бетпе-бет сөйлесті деп хабарлайды YK-news.kz.
Басылым мәліметінше, оқиға 18 мамыр күні 21.00-ден кейін Голованов көшесінде орын алған. Қолына балта алған ер адам өзінің әйелін кепілге алып, үйінен шықпай, билік өкілдерінің келуін талап етті. Оқиға орнына Өскемен қаласының әкімі барып, ғимаратқа кіріп, жұбайын жіберуін сұрады. Жақсылық Омардың сүйіктісін кепілге алған ер адаммен не туралы сөйлескені белгісіз, алайда келіншек үйден аман- есен шыққан. Осыдан кейін азамат балтасын терезеден лақтырып, қала басшысының соңынан шығып, үйді қоршауға алған тәртіп сақшыларына берілген.
Шығыс Қазақстан облыстық полиция департаменті бұл факт бойынша қалалық полиция бөліміне 18 мамырда хабарлама түскенін хабарлады. Онда ер адамның өзінің жұбайына физикалық зорлық-зомбылық көрсетемін деп қорқытқаны айтылды. Оқиға орнына келген тәртіп сақшылары келіссөздер жүргізген. Біраз уақыттан кейін олар азаматты сыртқа шығарып, әйелді босатуға көндірді. Ведомство мәліметінше, келеңсіз оқиғадан зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ.
"Іс-шаралар барысында ер адам психологиялық-медициналық көмек көрсету үшін медициналық мекемеге жеткізілді. Оның жүйке-психиатриялық диспансерде есепте тұрғаны анықталды", - делінген хабарламада.