Алматы облысында вакцина салдыруға келген ер адам дәрігерді ұрып, тұншықтырған

Primary tabs

Мамыр 23, 2021 / 0 комментарии

Алматы облысында вакцина салдыруға келген ер адам дәрігерді ұрып, тұншықтырған деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, 21 мамыр күні Ескелді аудандық орталық ауруханасының емханасында қабылдау жүргізген дәрігерге шабуыл жасалды.

"Вакцина салдыруға келген пациентке түсіндіру жұмыстарын жүргізу барысында пациент дәрігерге дөрекілік танытқан. Дәрігер медициналық ұйымда пациентке өзін дұрыс ұстауды ескерткен. Алайда ескертуге қарамастан пациент дәрігерге шабуыл жасап, басынан ұрып, тұншықтыра бастаған. Дәрігердің беті пен мойнынан бірнеше рет ұрған. Қазір дәрігер бас миының шайқалуы диагнозымен амбулаториялық ем қабылдауда. Оқиғаға қатысты дәрігер Ескелді аудандық ішкі істер бөліміне арыз жазды", – деді Алматы облыстық Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің өкілі Ләйлім Әубәкірова. 

Еске салсақ, Нұр-Сұлтанда әуежай қызметкері соққыға жығылды. Шабуылдаған азамат туысын қарсы алуға келіп, аэропорттағы дәрігерлердің талабын орындаудан бас тартқан екен.

Әуежайдың баспасөз хатшысы атап өткендей, туысын қарсы алуға келген азамат Ashyq жүйесін ескермей, әуежай ғимаратына кіруге тырысты. Ол әдеттегі кіреберістен қосымша арқылы кіргісі келмеді. Азамат қауіпсіздік офицеріне денсаулыққа зиян келтіріп, қымбат жол талғамайтын көлікке отырып, оқиға орнынан қашып кетті.