Жоғалған жеті адамның алтауы — студент
Primary tabs
Бүгін «Қазавиақұтқару» тікұшағымен аэровизуалды ұшу барысында Сайрам-Өгем ұлттық саябағында жоғалған жеті адамның үшеуі табылды. Олардың жағдайы қанағаттанарлық. Қалған туристерді іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл туралы ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли мәлімдеді деп хабарлайды kaskelen.kz тілшісі.
⠀
Қазіргі уақытта Апаттар медицинасы орталығының психологтары жоғалғандардың туыстарына психологиялық көмек көрсетуде. Іздестіру жұмыстарына құтқарушылар, полиция қызметкерлері, шекара қызметінің ат патрулі, ұлттық саябақ қызметкерлері мен жоғалғандардың туыстары, сондай-ақ, екі Қазавиақұтқару тікұшағы жұмылдырылды.
⠀
Айта кетейік, Төле би ауданы Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық саябағы аумағында жеті адамның жоғалғаны жайлы ақпарат 102 пультіне 2021 жылдың 25 мамырында 18 сағат 30 минутта түскен. 21 мамырда туристер жаяу «Сары-Айғыр» шатқалына аттанған. Олар 24 мамыр күні оралуы тиіс еді.
⠀
Жоғалған жеті адамның алтауы — студент. Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Қанат Қарабалаевтың дерегінше, жоғалған жастардың екеуі Ақтөбе, біреуі Атырау облысынан, ал қалған екеуі Орал мен Жезқазған қаласының тумалары.
⠀
Сайрам-Өгем ұлттық паркінің өкілі Бахыт Айнабековтің айтуынша, жастар шыңды бағындыруды ертерек жоспарлаған. Мамырдың ортасында бірі келіп, Сусіңген көліне өтуге рұқсат сұраған. Алайда ұлттық парктегілер ол аумақта жақында жауын-шашын болғандықтан, қар көшкінінің қаупі бар деп ескертіп, рұқсат бермеген.
⠀
Олар жылы киім, жауын өтпейтін палаткалар алып кетті деген мәлімет бар.