Дональд Трамп: Қытай коронавирус үшін 10 трлн доллар төлеуі керек
Primary tabs
АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп ұзақ уақыт үзілістен кейін алғаш рет жақтастары алдында сөз сөйлеп, Қытай АҚШ пен өзге елдерге коронавирус пандемиясының салдарынан болған адам өлімдері мен шығындар үшін 10 триллион доллар төлеуі керектігін мәлімдеді деп хабарлайды ВВС.
"Бәріміз бірге Қытайдың төлеуі керек екенін айтуымыз керек! Сонымен қатар, барлық мемлекеттер жиналып, Қытайға шығынның орнын толтыру үшін 10 триллион доллар төлеуді міндеттеуі қажет - бұл, әрине, өте аз қаражат", - дейді президент Солтүстік Каролинада өткен республикалықтардың конференциясы барысында.
Трамп президент болған шағында Қытай билігін Covid-19 таралғаны үшін бірнеше рет айыптаған болатын, сонымен қатар ол бұл дертті үнемі "Қытай вирусы" деп атап келді. Көпшілік Ақ үй басшысын осылайша ксенофобиялық көзқарасты күшейтеді деп сынаған.
Мамыр айының соңында АҚШ-тың жаңа президенті Джо Байден барлау қызметіне Covid-19-дың шығу тегі туралы барлық нұсқаларды, соның ішінде Уханьдағы зертханадан вирустың таралуы теориясын белсенді түрде зерттеуді тапсырды. Байден АҚШ барлау қауымдастығы пікірлерінің екіге бөлінгенін мәлімдеді: біреулер пандемия зертханадағы оқиғаның салдарынан туындады деп санаса, енді бірі вирус адамның кейбір ауру жануарлармен байланысының нәтижесінде пайда болды деген пікірде.
"Енді бәрі, тіпті жау сымақтар да, президент Трамптың коронавирус Уханьдағы зертханадан шыққан деп дұрыс айтқанын мойындауда", - деді Ақ үйдің бұрынғы басшысы.