Алматы облысында жантүршігерлік жол апатынан жеті адам мерт болды
Primary tabs
Алматы облысында көлік апатынан жеті адам мерт болды. Жантүршігерлік жағдай "Алматы-Көкпек-Көктал" тасжолында болған деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"19 маусым күні сағат 18:45 шамасында "Алматы-Көкпек-Көктал" тасжолының 134-шақырымында жол апаты болды. Байсейіт ауылының маңында Toyota Rav-4 және Audi C4 көліктері соқтығысқан.
Салдарынан екі көліктің де жүргізушісі және үш жолаушысы оқиға орнында жан тапсырды. Тағы екі адам Шелек ауылындағы ауруханада көз жұмды. Қаза болғандар арасында 16, 13, 8 жастағы балалар мен 4 айлық сәби бар. Тағы үш жолаушы түрлі дене жарақатымен ауруханаға түсті.
Қазір аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабының 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Көлік апатына не себеп болғаны тергеу барысында анықталады", - делінген Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі ресми берген хабарламасында.
Еске салсақ, бұған дейін Атырау облысында автобустың қатысуымен болған апаттан үш адам қайтыс болғанын жазған едік. Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, жол-көлік оқиғасы 18 маусымда сағат 16.00 шамасында Доссор-Құлсары тас жолында болған.
"Қылмыстық кодексінің 345-бабы 3-бөлігі (Абайсызда адам өліміне әкеп соқтырған жол ережелерін бұзу әрекеті) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды", – деп хабарлады Атырау облысының полиция департаменті.