"Жүйелі түрде пара алған болуы мүмкін": Алматы облысында аурухана басшылығы ұсталды

Primary tabs

Мау 25, 2021 / 0 комментарии

Алматы облысындағы аудандық ауруханалардың бірінің басшылығы пара алды деген күдікке ілінді. Бұл туралы әлеуметтік желілерде хабарланды. Ақпаратты облыстың сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі растады.

Күдікке ілінген Есіктегі Еңбекшіқазақ көпсалалы ауданаралық ауруханасының басшылығы болып шықты. Олардың барлығы дерлік ұсталған. Әлеуметтік желілердегі хабарламаға сәйкес, медициналық мекеменің басшысы мен оның екі орынбасары қарамағындағылардан жүйелі түрде пара алған деп күдіктеліп отыр.

"Аталмыш лауазымды тұлғалар жүйелі түрде қарамағындағы адамдардан (дәрігерлерден, мейірбикелерден және техникалық персоналдан) эпидемиологияға қарсы бөлімшелерде жұмыс істегені үшін мемлекет үстемақы ретінде беретін қаражатты кедергісіз алу үшін пара алған.

Параның мөлшері 150 мың теңге (әр қызметкерден) болған. Нәтижесінде ай сайынғы сома 5-тен 7 миллионға дейін жеткен", – дейді жазба авторы 

Алматы облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі бес лауазымды тұлғаның ұсталғанын растады. Күдіктілерге алдын ала сөз байласу арқылы 3 миллион теңгеден аса пара алды деген айып тағылып отыр. Тергеу мүддесі үшін ведомство басқа мәліметтерді жария етпеді.

Еске салсақ, бұған дейін Алматыдағы перинаталдық орталықтың директоры Бодықовқа 27,3 миллион теңге айыппұл салынған еді. Ол босанған 5 әйелден және олардың туыстарынан делдал арқылы 780 мың теңге көлемінде пара алған.