Екібастұзда жол сақшылары тоқтатқан көлік жүргізушісі жансақтау бөлімінен бір-ақ шықты
Primary tabs
Екібастұзда жол сақшылары тоқтатқан көлік жүргізушісі жансақтау бөлімінен бірақ шықты. Бұған жүргізушінің құзырлы орган өкілдеріне бағынбай қарсылық көрсетуі себеп болған деп хабарлайды Астана телеарнасы.
Басылым мәліметінше, жүргізуші көлікпен жаяу жүргіншілер жолағына шығып кеткен. Оны байқаған полиция қызметкерлері көлікті тоқтатқан. Тексеру барысында жүргізушінің өзімен бірге ешқандай құжатының болмағаны анықталды. Алайда бұған қарсылық танытқан қала тұрғыны оқиға орнына жолдасын шақырған. Тәртіп сақшылары көлікті айып тұрағына алып кетпек болғанда, 61 жастағы тұрғынның кенеттен қан қысымы көтеріліп, инсульт алған.
"Екібастұз ауруханасына 1961 жылы туылған азамат жеткізілген болатын. Бірінші беттен алғашқы медициналық көмек көрсетілген. Жансақтау бөліміне жатқызылған. Қазіргі уақытта жағдайы орташа деңгейде. Неврология бөлімінде жатыр", - деді Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Эльмира Темірғалиева.
Құқық қорғау саласының мамандары тәртіп сақшылары өздеріне бағынбай қарсылық танытқан күйеуі мен әйеліне үш бап бойынша әкімшілік іс қозғағанын жеткізді. Ал жүргізушінің туыстары әлеуметтік желіге полицейлер оны қысымға алып, инсульт алуға мәжбүрледі деп жазған еді. Алайда полиция қызметкерлері бұл ақпаратты жоққа шығарып отыр.
"Тексеру барысында көлік жүргізушісі өзін дөрекі ұстап, әйелі де тәртіп сақшыларына былапыт сөздер айтты. Әрі өз кінәларын мойындағылары келмеді. Сондықтан, жүргізушінің әйеліне бұзақылық бабы бойынша іс қозғалды. Ал оның жолдасына жол ережесін бұзғаны үшін 15 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Ал билік өкіліне бағынбағаны үшін іс сотқа жолданды", - деді Павлодар облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров