Шалғай ауылдарда 2 дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді
Primary tabs
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында және Елорда күні мерекесіне орай Алматы облысының Жамбыл ауданына қарасты Қарасу және Үңгіртас ауылдық округтерінде екі жаңа дәрігерлік амбулаторияның салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қарасу ауылдық округінің Сарыбай би ауылындағы амбулатория округке қарасты 4 ауылдың 6000-нан астам тұрғынына сапалы медициналық қызмет көрсетеді. «Бүгін біз ауданымыз үшін маңызды оқиғаның куәсі болдық.
Жаңа ауруханада білікті медицина мамандары жұмыс істейтін болады. Енді бұл нысанда ауылдық округ тұрғындары әрдайым уақытылы және сапалы медициналық көмекке қол жеткізе алады. Себебі, емхана заманауи медициналық жабдықтармен қамтылған», - деді аудан әкімі Нұрлан Ертас. Медициналық мекеме бір ауысымда 25 келушіге арналған.
Сарыбай би ауылының дәрігерлік амбулаториясында 1 жоғары білімді дәрігер, 6 медбике, 1 акушер және 1 фельдшер жұмыс істейді. Ал бүгін лентасы қиылған Үңгіртас ауылдық амбулаториясында ересектер мен балаларға арналған қабылдау бөлмесі, тіс дәрігері, гинеколог, терапевт кабинеттері, зертхана, таңу, фельдшерлік, акушерлік пункттер және күндізгі стационар бар.
«Жаңа амбулатория заманауи медициналық жабдықтармен жабдықталған. Мекеме қазіргі уақыттың барлық талаптарына сәйкес.Ұжым 12 қызметкерден тұрады. Ауысымына 35 адамға дейін қабылдауға мүмкіндігі бар. Жалпы ауылдық округте 4590 адам тұрады. Амбулатория дәрігерлері мен медбикелері ем іздеген адамдарға сапалы қызмет көрсететін болады», - деді амбулатория меңгерушісі Бағлан Тобажанова. Жамбыл ауданында барлығы 54 денсаулық сақтау нысаны бар. Олардың көпшілігі жақын арада толықтай жөндеуден өткен болатын.