Енді карантин режимін бұзған "қызыл" мәртебесі бар тұрғындардың есімі БАҚ-та жарияланады
Primary tabs
21 шілдеде премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен ел аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті деп хабарлайы премьер-министрдің ресми сайты.
Жиында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдегі эпидемиологиялық ахуал жөніндегі кеңесте берген тапсырмаларының орындалуын ұйымдастыру мәселелері қаралды.
Вице-премьер мемлекеттік орган өкілдерінің баяндамаларын тыңдап, қысқа мерзімде президент тапсырмасын орындау бойынша келесі шараларды қабылдауды тапсырды. Олар:
жаңа штамдардың пайда болуын ескере отырып, коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі жедел іс-қимылдардың нақты жоспарын әзірлеу және енгізу;
"QazVac" отандық вакцинасын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында тіркеу және оны одан әрі үшінші елдердің нарықтарына шығару мәселесін пысықтау, осы бағытта нақты жол картасын әзірлеу;
карантиндік шектеулерді сақтауға қойылатын талаптарды қатаңдату мәселесін пысықтау;
вакциналау қарқыны төмен өңірлерге әдістемелік көмек көрсету үшін көшпелі бригадаларды қалыптастыру; коронавирусты диагностикалау мен емдеу хаттамаларына сәйкес реанимация бөлімшелері мен жедел медициналық көмек қызметтерін қосымша жарақтандыруды қамтамасыз ету жөнінде нақты ұсыныстар енгізу;
коронавируспен ауыратын науқастарды емдеу үшін "Ремдесивир" препаратын орталықтандырылған сатып алу мәселесін шешу жөнінде шаралар қабылдау;
Ішкі істер министрлігі басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, жалған вакциналау паспорттарын жасаудың жолын кесу жөніндегі ведомствоаралық арнайы топ құру;
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі "Атамекен" Ұлттық палатасымен және Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, бизнес субъектілерін "Ashyq" бағдарламасына енгізу жөніндегі талаптарды жеңілдету.
Сонымен қатар, вице-премьер мониторингтік топтардың жұмысының маңыздылығын атап өтіп, ІІМ мен әкімдіктерге осы бағыттағы жұмысты жандандыруды тапсырды.
Бұдан басқа, ВАК "Ashyq" жүйесі арқылы жұмыс істейтін қоғамдық орындарға баратын "қызыл" және "сары" мәртебесі бар адамдарға қатысты шараларды қатаңдату туралы шешім қабылдады. Енді карантин режимін бұзған "қызыл" мәртебесі бар тұрғындардың есімі бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.
Сондай-ақ, Ералы Тоғжанов мемлекеттік органдардың басшылары мен өңір әкімдіктеріне вакциналау тұрғысынан түсіндіру жұмыстарын күшейтуді, халықты коронавирусқа қарсы вакцинамен қамтуды арттыру туралы нақты тапсырмалар берді.