COVID-19 мүгедектікке әкеп соғуы мүмкін бе? Профессор маңызды сұрақтарға жауап берді
Primary tabs
Дәрігерлердің пікірінше, постковидтік синдром - ауқымы кең диагноз. Адамның коронавирус инфекциясын қаншалықты ауыр өткергені сауығып шыққаннан кейінгі жағдайына, симптомдарының көрінісіне тікелей әсер етеді. Санжар Асфендияров атындағы ҚазҰМУ балалар инфекциясы кафедрасының профессоры Ләззат Ералиева постковидтік синдром мен аурудан кейінгі оңалту туралы сұрақтарға жауап берді.
Постковидтік синдром - коронавирус жұқтырып, жазылғаннан кейін пайда болатын жағдай. Коронавирус рецепторлары адамның барлық дерлік мүшесі мен тінінде қалатындықтан, осындай қалдық асқынулар болады. Сондықтан, ауырып шыққан адам иіс жоғалтады, физикалық әлсіздік сезеді, сондай-ақ, бас ауруы, ұйқының бұзылуы, мазасыздық, есте сақтау қабілеті мен ақыл-ой қабілетінің нашарлауы сияқты белгілер байқалады.
Қазіргі таңда 50-ден аса ұзақ мерзімді ковид-салдар анықталып отыр.
Оңалту, ең алдымен, ауруды орташа ауыр және ауыр түрде өткерген, әртүрлі асқыну болған адамдарға қажет. Әсіресе оттегіге жоғары қажеттілік сезінген және оттегі терапиясын алған адамдарға, соның ішінде жасанды тыныс алдыру аппаратына қосылғандарға қажет.
Коронавирус инфекциясынан кейін айтылатын жиі шағымдар - ентігу, иіс сезбеу, ұйқының бұзылуы, кейде әлсіздік, физикалық тұрғыдан әрекет жасағысы келмеу, мазасыздық пен көңіл-күйдің жиі құбылуы, үрейлену, ауыр жағдайларда қысқа мерзімді агрессия мен депрессия пайда болуы мүмкін.
Адамның қалпына келу ұзақтығы қандай формада ауырғанына, қандай дене мүшесі зақымданғанына, өкпе қанша пайыз қабынғанына, адамның жасына, созылмалы аурулардың болуына байланысты.
Қалыпқа келу үшін орташа есеппен 1 айдан алты айға дейін уақыт қажет, ал кейбір жағдайда одан да көп. Бұл тұста оңалту жұмыстары кешенді жүргізілуі тиіс. Физиотерапия ғана емес, сонымен қатар, дәрі-дәрмек, мамандандырылған мамандардың кеңесі қамтылуы шарт.
Оңалтуды қабыну басылған кезде біртіндеп бастауға болады. Алайда кейбір науқас тезірек сауығайын деп өкпесі қабынып тұрғанда физиотерапиялық әдістерді жасай бастайды. Пациент ауруханадан шығарылса да, кейін жағдайы нашарлап кету қаупі бар. Сондықтан оңалту жұмыстары тек дәрігердің бақылауымен жүруі тиіс.
Өз-өзіңді емеуге болмайды. Интернеттегі тексерілмеген ақпаратқа сенбеу керек.
Өкінішке қарай, ағзаның бірнеше жүйесіне зақым келсе, коронавирус инфекциясы мүгедектікке әкеп срғуы мүмкін. Бұл өкпе, жүрек, бүйрек, ми.
Балалар көп жағдайда ауруды орташа ауыр және жеңіл түрде өткереді және оңалтуды қажет ете бермейді. Бірақ COVID-19 инфекциясы балаларда иммунитеттің төмендеуіне, ағзадағы ұйықтап жатқан вирустық инфекциялардың белсенді бола түсуіне әкеледі, сондықтан бала вирустық инфекциялармен жиі ауыра бастауы мүмкін.
Физиотерапияның көптеген әдісі бар, олардың ішінде курорттық терапия, минерал ванналар, жарықпен емдеу, түрлі токтармен емдеу, массаж және тұз шахталарына бару дәстүрлі саналады.
Ал тыныс алу гимнастикасы коронавирус белгілері бар пневмониямен ауырып шыққан, яғни өкпесі зақымдалған адамның бәріне қажет.
Алайда физиотерапия әдістері реабилитологпен және қажет маманмен келісіледі.
ПТР-тест теріс болса және жағдай жақсарса жұмысқа баруға болады. Бірақ адам аурудан толық қалпына келмесе, постковидтік синдром белгілері болса, жұмысқа шықпас бұрын дәрігерге барып, тексерілу қажет.
Ақпарат көзі: Tengrinews.kz