Бірыңғай жиынтық төлем дегеніміз не?
Primary tabs
Кәсібін ресми тіркемей-ақ, базарда өз бақшасында өсірген көкөнісін сатып, жеке көлігімен жолаушы тасып немесе оқушыларға қосымша білім беріп ақша тауып жүрген қазақстандықтар аз емес.
Мұндай адамдарды «фрилансерлер», ал мемлекет тұрғысынан «өзін-өзі жұмыспен қамтығандар» деп атайды.
Олардың табысына салық салынбайды. Демек, кәсібі «көлеңкедегі» азаматтар керек кезінде әлеуметтік жәрдемақы ала алмайды.
Бұл мәселені шешу үшін 2019 жылы Қазақстанда өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санаты үшін бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) енгізілді.
БЖТ төрт төлемді біріктіреді. Олар:
1. жеке табыс салығы;
2. міндетті зейнетақы жарналары;
3. әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударымдар;
4. мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына аударымдар.
БЖТ төлеу арқылы азаматтарға базалық зейнетақы, медициналық қызметтер, сондай-ақ әлеуметтік төлемдер қолжетімді болады.
Біріңғай жиынтық төлемді ай сайын қала тұрғындары - 1 АЕК, ауыл тұрғындары - 0,5 АЕК көлемінде төлейді.
БЖТ төлеушілері жұмысшы жалдай алмайды және жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген болуы тиіс. Сондай-ақ олардың бір жылғы табысы 1175 АЕК шегінен аспауы керек.
БЖТ кез келген банктің кассасында, Қазпошта бөлімшелерінде, сондай-ақ Kaspi.kz мобильді қосымшасы арқылы төлеуге болады.