Жандарбек Далабаев журналистерге жауап берді
Primary tabs
2017-2018 оқу жылында ауданда 11 үш ауысымды мектеп болған. Биыл оларды жою мақсатында, 3 жапсаржай мен бір мектептің құрылысы толық аяқталып, қолданысқа берілетін болады. Сонымен қатар, алты мектептің жобалық құжаттары әзірленіп қойған.Бұл туралы Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаев Талдықорған қаласындағы өңірлік коммуникациялар алаңында өткен баспасөз мәслихатында журналистерге мәлімдеген.
Алдымен ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жайлы біраз ақпараттан бейнесюжет арқылы хабардар болған тілшілер аудандағы жұртшылық назарындағы кейбір мәселелер жайлы сауалдар жолдаған. Олар негізінен жарық, су, жолға және "Алтын Орда" базарының маңындағы кептеліске қатысты болған.Өз кезегінде аудан басшысы жарық жетіспеушілігін аудандағы ірі кәсіпорындардың санының көптігімен және көші-қон көрсеткіші жоғарылауынан халық санымен қоса, жаңа үйлердің көбейгендігімен түсіндірген. Яғни, бұл проблема су тапшылығына да әсер етуде.
Ал, "Алтын орда" базарының маңындағы жол жөндеу жұмыстарына қатысты Жандарбек Ермекұлы 2017 жылдың қазан айында басталған құрылыстың 2020 жылы аяқталатынын айтқан. Жалпы құрылыс жұмыстарының қаражат көлемі 9 млрд. 100 млн теңге, соның ішінде өткен жылы 5 млрд. теңгеден астамы игерілген.
Өз әлеуметтік парақшасында жыл өткен сайын өркендеп келе жатқан Қарасай ауданында былтыр қолға алынған жұмыс пен жағымды жаңалықтар, жетістіктер көп екенін айтқан аудан әкімі өз ойын "Әрине, қоғам болғандықтан бір мәселе шешімін тапса, келесісі пайда болып жатады. Оның барлығы уақыттың еншісіндегі шаруалар деп ойлаймын. Алға қойып отырған жоспарларымыз да, мақсат-мұраттарымыз да өте көп. Ең бастысы халықтың әлеуметтік жағдайын көтеріп, оларға көмектесу, ауданның беделін арттыру деп білемін" деп түйіндеген.