Спортшылар сенбілікке шақырады
Primary tabs
23 маусымда еріктілер Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне тазалық жұмыстарын жүргізбекші, деп хабарлайды Kaskelenkz тілшісі.
Қаскелең қаласындағы 7-15 жас аралығындағы жасөспірімдер тәрбиеленетін «Алмаз» спорт клубының директоры Бауыржан Шайхин әрдайым игі істердің бастамашысы болып жүретін азамат. Әсіресе, саламатты өмір салтын қалыптастыру, спорт және еңбек сүйгіш жасөспірімдер тәрбиелеу мақсатындағы бастамалары көп. Солардың бірі ретінде жылына екі рет өткізілетін марафонды айтуға болады.
Осы жексенбіде Бауыржан Шайхин әріптесі «Лион» спорт залының жетекшісі Пашаев Арчиллмен бірлесе аудан тұрғындарын Іле-Алатауы паркінде сенбілік өткізуге шақырып отыр. Ұйымдастырушылар алдымен барып демалыс орнының жағдайын көздерімен көріп қайтқан. Парк әкімшілігімен ақылдаса отырып, осындай шара өткізуге білек сыбана кірісіпті.
Мақсаты – жастарды еңбекке, туған жерін қадірлеуге, қоршаған ортаны қорғауға, табиғатты аялауға баулу.
Осы сенбілікке үлес қосқысы келетіндер жексенбі күні сағат 10.00-да Қаскелең қаласындағы «Алатау» сауда үйінің алдына жиналады. Автобустармен барып, тазалық жұмыстарын өткізген соң таза ауада сейілдеп, тамақтанып қайту да қарастырылған. Сол себепті бұл шара өзара татулық пен достықты да нығайтатыны сөзсіз.
Сондай-ақ, сенбілікке аудандық әкімдік пен «Нұр Отан» партиясы, ауданның бірқатар кәсіпкерлері де қолдау көрсетіп отырғанын айта кеткен жөн.