Қаңғыбастармен қарқынды күрес жүріп жатыр
Primary tabs
Қарасай ауданында «Қайыршы» жедел алдын алу іс-шарасы жүруде, деп хабарлайды Kaskelenkz тілшісі.
Жалпы, қараша айының 9-нан 16-на дейін жалғасатын республикалық науқанның негізгі мақсаты - әр-түрлі қызметке мәжбүрлеу және белгілі табысқа жету, азаматтарға мазалап тиісумен көрінген құқық бұзушылықты анықтау және жолын кесу, ескерту болып табылады.
Жаппай тексеру жұмыстарына аудандық полиция басқармасына қарасты көші-қон полициясы қызметкерлері, уаскелік полицейлер мен ювеналды полиция тобының инспекторлары жұмылдырылды.
Шара аясында тәртіп сақшылары адамдар көп шоғырланған аумақтарды, жол бойын, базарлар мен әлеуметтік нысандардың айналасын түгелдей қарады. Бұл ретте ӘҚБтК-ныӊ 449-бабында көрсетілген ережелер басшылыққа алынды. Алғашқы үш күннің ішінде аталған заңнаманы бұзғандықтан, 20-дан астам әкімшілік хаттама толтырлып, 12 адам қабылдау-тарату орнына жабылды. Ал, көшеде қайыр тілеуді әдетке айналдырған екі бала Алматыдағы кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына жеткізілді.
Еске сала кетсек, ҚР ӘҚБтК-тің 449-бабы бойынша белгілі бір мақсатта азаматтардың мазасын алатындарға заң жүзінде жаза көзделген. Қоғамдық орындарда заттарды өзгеше тәсілмен сатып алу, сату, айырбастау немесе иемдену мақсатында кәсіпкерлік субъектісі болып табылмайтын адам жасаған, сондай-ақ, бал ашу, қайыршылық, сексуалдық сипатта не өзге де қызметтер көрсетуді күштеп таңу мақсатында тиісу, яғни, мазалап өтініш білдіру жеке тұлғаларға 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Бұл құқық бұзушылық түріне әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде оны тағы қайталаған адамға 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады не ол 5 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алынады. Ал, мұндай әрекетке азаматтығы жоқ шетелдіктер барған жағдайда 5 күндік қамақ өз алдына, оларды ел аумағынан шығарып жіберу қарастырылады.