Қаскелеңде жолды заңсыз сатып жіберген
Primary tabs
Қаскелең қаласындағы Қарақия көшесі тұрғындардың айтуынша, олар жүріп жүрген жолдың қақ ортасынан үй салынайын деп жатыр екен. "Егер жүретін жолымызды жауып тастаса, үйімізге қалай кіріп, шығамыз" деп ашулануда тұрғындар.
Аталған көшеде жиырмадан астам үй бар. Тұрғындары қоныстанғанына бес жылдай болыпты. Кезінде Марал есімді азаматшадан тұрғын үй құрылысын жүргізу мақсатындағы жер телімдерін сатып алып, үй салған. Ол кезде айналасы айдала, үйсіз тұрған алқап болған. Кейіннен басқа да жер телімдері сатылып, құрылыстар бой көтере бастаған. Тіпті, көшенің ортасындағы мына жер телімі де жекеменшікке өтіп кеткен. Осы ретте тұрғындар сәулет бөлімінен көшенің бас жоспарының көшірмесін де алған.
Қарақиялықтардың көршілері, яғни Ақтілек көшесінің тұрғындары да дәл осындай жағдайға тап болған. Тіпті, олардың көшесіне де көлденең үй салынып, жүретін жолдарын жауып тастаған.
Ал жедел жәрдем мен өрт сөндіру қызметінің көліктері бұл көшелерге кіре алмай қиналады екен. Тұрғындарды алаңдататын тағы бір мәселе бұл аумақта ұрлық жиі орын алып, үйлер тоналып жатыр. Осы мәселелерге қатысты көше тұрғындары әкімшілік пен аранайы мемлекеттік органдарға бірнеше мәрте барған. Олар жүретін жолдарын қайтарып алу үшін прокуратура мен сотқа да шағым түсірген. Қаскелеңдіктер жергілікті билік мәселемізді шешіп бермесе, Ақордаға дейін барамыз деп бекініп отыр.
Нұргүл Әлменбетова