Абай ауылындағы астыртын цех жабылды
Primary tabs
Қарасай ауданына қарасты Абай ауылында заңсыз алкоголь өнімдерін шығарған әйел анықталды, деп хабарлайды Kaskelenkz тілшісі.
Бұл туралы Алматы облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді. Департамент қазір ҚР ҚҚ 233 бабына сәйкес алкоголь өнімін жалған есепке алу-бақылау таңбаларымен дайындау және өткізу фактісі бойынша тергеу жүргізілген қылмыстық іс негізінде тәркіленген заттай айғақтарды жою жұмыстарын жүргізуде.
Олардың қатарында Қарасай аудандық сот үкімінің шешімдері де бар. Атап айтсақ, алкогольдық өнімдер және контрафактілік энергетикалық сусындар заңсыз жұмыс жасаған астыртын цехтен тәркіленген.
Қылмыстық іс бойынша заңсыз айналымнан 3 мыңнан аса жалған акцизді маркалар, 540 дана жалған спирттік өнімдер мен 2,5 тонна астам спирттік өнімдері жойылды. Цехтің жұмысы тоқтатылды.
Сот үкімі бойынша Қарасай ауданы Абай ауылында заңсыз спирттік өнімдерді жасаған 28 жастағы азаматша кінәлі деп танылып, 200 айлық есептік көрсеткіш, яғни, 505 мың теңге көлемінде айппұл салынды. Сонымен қатар, 3 жылға дейін алкоголь өнімін өндіру және өткізуге байланысты қызметпен айналысу құқығынан айырды.
Назарға салсақ, қолдан жасалған спирттік өнімдердің бағасы нарықтық бағадан төмен болады және олар қала маңайындағы кішігірім дүкендерде сатылады. Дегенмен, оның азаматтардың денсаулығына кері әсерін беруі әбден мүмкін.