«Жолға таласқан»: Ұйғыр ауданында төбелестің неден шыққаны белгілі болды

Primary tabs

Мау 17, 2020 / 0 комментарии

Амандық Баталов ауданда жиналыс өткізіп жатыр.

Ұйғыр ауданында төбелестің шығу себебі анықталды. Бірін-бірі пышақтаған жігіттер жолға таласқан. Ұйғыр аудандық ауруханасына жарақатпен түскен жігіттердің екеуіне ота жасалды, деп хабарлайды Аzattyq ruhyтілшісі. Дәл қазіргі уақытта Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың қатысуымен аудан орталығында жиналыс өтіп жатыр. Оған жергілікті қазақ-ұйғыр өкілдері жиналған.

«16 маусымға қараған түні екі көлік Шонжыдан келе жатып, бір-біріне жол бермей,  түсінбеушілік туындап,  арты төбелеске ұласқан. Бұл – жастар арасындағы бұзақылық. Олардың бәрі 1999-2000 жылы туған жігіттер. Облыс әкімінің орынбасары оқиға орнына бірінші барды. Ізінше облыс әкімі Амандық Баталов та жетті. Дәл қазір аудандық әкімдікте жиналыс өтіп жатыр. Оған ауыл ақсақалдары,  ел ағалары және жастар жиналып, мәселені талқыға салып жатыр. Қос тарапқа мұндай жағдайға жол бермеу керек екені айтты. Жастардың арасына іріткі салып жүрген үшінші топтың бар екені айтылды. Сол бойынша құзырлы органдар тиісті тексеру жүргізеді», - деді облыс әкімінің баспасөз хатшысы.

Жиында Ұйғыр  ауданының атын ауыстыру туралы ұсыныс тағы да көтерілген. Жергілікті халық ауданға  жаңа атау дайындап та қойған.  

«Облыс әкімі  ауыл ақсақалдарының да пікірін тыңдады. Жасыратыны жоқ, кейбір адамдар ауданның атауын ауыстыру мәселесін де айтты. Айтылған пікірлердің бәрі хаттамаға толтырылып жатыр. Хаттама негізінде кейін шаралар қабылданады. Пышақталған жігіттердің бесеуі де аман, өмірлеріне ешқандай қауіп жоқ,  жағдайлары тұрақты. Екі тарап та, Ұйғыр ауылының ақсақалдары да бұл істің өздеріне абырой әкелмейтінін айтты. Себебі, олар ұзақ жылдан бері бірге тұрып келе жатыр.

Олар өздері де үшінші тараптың іріткі салып жүргеніне шағымданды. Осыдан екі жыл бұрын конференция өткенде ауданның атын Қарадала деп,  Шонжының атын Әлмерек деп ауыстыру туралы айтылған. Сол мәселе тағы көтерілді. Облыс әкімі бұл ұсыныстардың бәрі хаттамаға толтырылып,  содан кейін шешім қабылданатынын ескертті. Ономастикалық заң бойынша оның бәрі орталықта қаралып, мемлекеттік комиссияның шешімімен қаралады.

Дегенмен, әкім халықты ауызбіршілікке шақырды. Өйткені, соңғы уақытта Ұйғыр ауданының экономикасы қарыштап дамып жатыр. «Жұмыспен қамту», «Жол картасы» сынды бағдарламалар бойынша бөлінген қаржының да біраз бөлігі осы ауданға тиесілі. Жобалар іске асып жатыр. Тұралап қалған құс фабрикасы қайта ашылды. Осының барлығы бейбітшілік пен тұрақтылықтың арқасы. Егер екі тарап бір бірімен жаға жыртысса, инвесторлардың өзі өңірге келуден бас тартуы мүмкін екенін  облыс әкімі еске салды», - деді Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел.

Әмірболат Құсайынұлы,  Алматы

дереккөз: https://azattyq-ruhy.kz/incidents/9389-zholga-talaskan-uigyr-audanynda-neden-tobeles-shykk-any-belgili-boldy