Алексей Цой бюджет қаражатын жымқырды деген күдікпен ұсталған орынбасарына қатысты пікір білдірді
Primary tabs
Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішевтің ұсталғаны жайлы ақпарат 2 тамызда белгілі болды.
Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев өткен аптада оны жұмыстан өз еркімен босату туралы өтініш жазған. Бұл туралы бүгін Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлім етті.
Алексей Цой Әбішевтің нақты қандай қылмыс үшін күдікті ретінде ұсталғанын білмейтінін жеткізді. «Өйткені, тергеу жүріп жатыр», деп атап өтті ол. Алексей Цой оның ұсталуына қатысты ақпаратты тек уәкілетті органдар тарататынын айтты.
«Олжас Әбішев өткен аптада өз еркімен жұмыстан шығу туралы өтініш жазды. Қазір бұл мәселе (оның арызы - авт.) қаралып жатыр. Егер шешім қабылданса (оның кінәсі дәлелденсе), ол қызметінен босатылады», - деді министр.
Кеше Қаржылық мониторинг комитетінің баспасөз қызметі Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішевтің ұсталғанын хабарлады.
«Қаржы министрлігінің Қаржылық мониторинг комитеті Экономикалық тергеу қызметі өкілдерінің Денсаулық сақтау вице-министрінің ұсталғанын растайды. Ол бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді», - деп жазылған хабарламада.
Айта кету керек, Олжас Әбішев 2018 жылы Денсаулық сақтау вице-министрі болып тағайындалған еді. Ол цифрландыру және ақпараттық қауіпсіздік саласына жауап берді.
Дереккөз: azattyq-ruhy.kz