«Еңбек» бағдарламасының арқасында жастар өз бизнесін бастауда
Primary tabs
Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында көптеген жас қазақстандықтар сертификатталған маман болды және қайтарымсыз грант иеленіп, өз кәсібін сәтті бастауға мүмкіндік алды.
Декреттік демалыстан кейін Алматы қаласының тұрғыны Мақпал Нұрақ үйде тігін тігу арқылы табыс тапты. Бірде әлеуметтік желіден «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан «Жас кәсіпкер» жобасының басталғаны туралы ақпаратты көріп, соған қатысуға бел буады.
«Өз шеберханамды ашуды бұрыннан армандадым. Бизнес-жоспарым дайын тұрды, қандай жабдықтар, қандай материалдар керек екенін жақсы білетінмін. Тіпті қажетті аумақты есептеп шығардым. Жұмыспен қамту орталығына барып едім, олар маған оқуға, сертификат алуға мүмкіндік берді. Кешкі топта оқып жүріп, жұмыс істеуге де үлгердім», - дейді ол.
Грант алған соң Мақпал киім тігумен толық айналысуға мүмкіндік беретін жабдық сатып алды.
«Жобаға қатысудың арқасында тауар айналымы екі есеге өсті, қазір маған келіп түсетін тапсырыс көп. Жақында тағы да декреттік демалысқа шығамын. Сондықтан тігін курстарын өткізіп, осылайша өзім сияқты сапаға жұмыс істеуге тырысатын көмекші тапқым келеді. Әрі қарай, бұйырса, ісімді кеңейтпек ниеттемін», - дейді Мақпал Нұрақ.
Алматылық Перизат Тәтеннің де табыс оқиғасы осыған ұқсас. Бұл кейіпкеріміз де тігін ісімен айналысып, қазақстандық дизайнерлерде жұмыс істеген және ақырында өз кәсібін ашуға шешім қабылдаған.
«Жас кәсіпкер» жобасына қатысуға бірге оқыған топтасым кеңес берді. Айтпақшы ол да жобаға қатысушы, алғашқы ағымда оқыған. Сонымен, грантты алғаннан кейін, өзім үшін жұмыс істеп жатырмын», - дейді Перизат.
Еске салайық, осы жылдың 8 айында, Алматы қаласында «Еңбек» бағдарламасына 32 мыңнан астам адам қатысты. Оның 1306-cы өзінің бизнес идеяларын жүзеге асыру үшін 200 АЕК көлемінде мемлекеттік грант алды, ал 43-іне шағын несиелер бөлінді.
Жалпы еліміз бойынша биыл «Еңбек» бағдарламасына 430 мың адам қатысып, оларға түрлі қолдау шаралары көрсетілді. 279,8 мың адам жұмыспен қамтылса, оның ішінде 146,7 мың адам тұрақты жұмысқа кірді. 159,8 мыңнан астам адам субсидияланатын жұмыс орындарымен қамтылды. Бизнес-идеяларды дамытуға жеңілдікпен 6 984 микрокредит және 20,4 мың грант берілді. 28,4 мың азамат қысқа мерзімді кәсіпкерлік негіздерін оқыды.