«Астана Балет» Театры премьералық спектакльдерге билет сата бастады
Primary tabs
Сегізінші маусымын дәрігерлердің құрметіне үш қайырымдылық концертпен ашқан соң, «Астана Балет» театрының әртістері үш премьералық спектакльге дайындығын жалғастырды. Олардың көрсетілімі 30-қазан мен 6-қарашада өтеді. Жаңа маусымдағы спектакльдерге билет сатыла бастады. Ол тек театр сайты арқылы онлайн жүзеге асырылады.
30-қазанда көрермен қауым қос премьераны тамашалайды. Бір кеште театр сахнасында шақырылған хореограф Рикардо Амарантенің жаңа туындысы – «Longing» («Құштарлық»), сонымен бірге, Дэвид Джонатанның «Instinct» («Инстинкт») бір актілі балеті көрсетіледі.
Рикардо Амаранте қазақстандық көрерменге біршама таныс: оның қойылымдары театрдың концерттік және гастрольдік бағдарламаларында тұрақты түрде көрсетіледі. Аргентиналық композиторлар Астор Пьяццолла мен Пабло Циглердің музыкасына қойылған тың туындысы - «Longing» балетінде көрермен қауым қимылмен өрілген эмоцияның толқыны мен көркемдік безендірудегі минимализмге куә болады.
Бұл туындысында балетмейстер: «осы өмірден, махаббаттан, жалпы, өзара қарым-қатынасымыздан, шын мәнінде, не қалаймыз?» деген сұрақтың жауабын іздегендей. Әйтсе де, осы тақырыпты қозғай отырып, ол біржақты жауап бермей, көрерменнің өз бетінше ой қорытуына мүмкіндік береді.
«Бұл балет түс секілді. Көрген түсіміз не жайлы екенін түсіне бермейміз ғой. Оны біреуге айтып отырғанда да, «мұның не сыры бар?» деген секілді ойға қаласың. Рас қой. Сол секілді, осы балетті көрген соң да, әркім өзінше ой түйеді. Мұндағы пластикалық шешімдер, өзім ұнататын неоклассика мәнерінде жасалған. Барлық классикалық қадамдар модерн және неоклассикаға трансформацияланған. Тангоның да аз-кем әсері бар: бәрін музыка жеткізеді», - деген ойымен бөлісті балетмейстер.
Театрдың жетекші солисті Дэвид Джонатан үшін, «Instinct» «Астана Балет» Театрына арнап қойған алғашқы балеті. Бұған дейін, ол балетмейстер ретінде Австралияның Батыс балеті мен Фландрия Корольдік балетінің труппаларымен шығармашылық әріптестік орнатқан. Хореографтың айтуынша, балетті жасау идеясы бір жыл бұрын пайда болғанымен, қазіргі таңда өзектілігі арта түскен.
«Пандемия балеттің идеясына ерекше әсер етті. Карантин кезінде қандай күй кешкенімізді айтамын. Либреттода да осы жайлы жаздым: көптеген адамдар өздерінің жақын туыстарымен, сүйікті жандарымен кездесе алмады. Осы сезім, бір болуға деген ұмтылыс ерекше маңызға ие. Балеттің аты «Инстинкт», себебі, осы пандемия мен локдаун күтпеген жерден орын алып, біздің инстинктивті әдеттеріміз өзгеріске ұшырады. Осы жайлы ойлар мені мазалады. Біз бұрынғыдай өмір сүре алмадық, бірақ, бәрібір өмір сүруіміз керек еді», - дейді Дэвид Джонатан.
Ал, 6-қарашада көрермен қауым тағы бір премьераны тамашалайды. Астаналық театр сахнасында қазақстандық хореограф Анвара Садықованың «Желтораңғы туралы аңыз» бір актілі балеті көрсетіледі. Қуат Шілдебаевтың музыкасына қойылған балет желтораңғы ағашы жайлы баян етеді. Желтораңғы аталатын себебі, желсіз күнде де оның бұтақтары жайқалып тұрады екен.
«Бұл балетте біз ағаш бейнесі арқылы халқымыздың өр рухы мен қайраты жайлы ой өрбітеміз; адамдардың табиғатқа зиян келтіруі, адам мен табиғат арасындағы конфликт көтеріледі. Біздің мақсатымыз – адам мен қоршаған орта арасындағы үйлесімділікті табу», - деген ойымен бөлісті хореограф Анвара Садықова.
Спектакль премьералары Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылады.