Кәсіпкер Арман Жайсанды өлтірген серіктесі 15 жылға сотталды

Primary tabs

Қаң 22, 2021 / 0 комментарии

2019 жылдың маусымында Қарасай ауданының Көксай ауылында жантүршігерлік қылмыс орын алып, 34 жастағы кәсіпкер асқан жауыздықпен өлтірілген болатын.
Бүгін осы іске қатысты сот отырыстарына нүкте қойылып, күдікке ілінген азаматтарға қатаң жаза тағайындалды.
Арман Жайсан сол күні таңғы сағат 10-дар шамасында үйінен шығып, қайтып оралмаған. Оған іздеу салған жақындары, араға 7 күн салып, 11 жерден пышақ салынған мәйітін Үлкен Алматы көлінен тапқан. Жантүршігерлік жағдайдан соң облыстық полиция департаменті іс қозғап, 35 және 46 жастағы күдіктілерді қолға түсірген. Олар жәбірленушімен бірге серіктес болған Хамидуллин мен оның күзетшісі Төлепбергенов.


Қылмыстық Кодекстің 99 бабы, 2-ші бөлігі бойынша қарастырылып, іс сотқа жолданды. Алғашқы сот отырысы алты айдан астам уақытқа созылып кінәлілерге жаза тағайындалған. Судья Қасенованың шығарған үкіміне сай, аса ауыр қылмыс туралы уақытылы хабарламағаны үшін Хамидуллин 4 жылға, ал кісі өліміне кінәлі деп танылған Тулепбергенов 11 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Марқұмның туыстары сот үкімімен келіспей, әділдігіне күмән білдіріп, облыстық сотқа аппеляциялық шағым жолдады. Себебі олар Арман Жайсанның қазасына экс-серіктесінің тікелей қатысты екендігіне сенімді болды.
«Ағамды асқан жауыздықпен өлтірді, денесіне 11 рет пышақ сұққан. Қылмысты ешкімнен жасырынбай істеген, тіпті қылмыс куәгерлері де бар. Олардың бірі Отаналы Тулепбергенов ағамды ұстап тұрғанын, Эрнст Хамидулиннің пышақтап жатқанын нақты көрген. Алайда қолда бар айғақтарға қарамастан, Тулепбергенов белгісіз себептермен кінәнің бәрін өз мойнына алды. Осы жылғы 12 маусымда өткен сот отырысында Хамидуллин аяқ астынан кісі өліміне күдікті ретінде емес, қылмыс туралы хабарламағаны үшін ғана айыпталып шықты», – деп жазды марқұмның әпкесі Сауле Жайсан Facebook-тегі парақшасында.



Осылайша, бұл даулы іс бойынша сот процестері 2020 жылдың қыркүйегінен қайта қарала бастады. Kaskelenkz тілшілері қоғам талқысына түскен кісі өлімінің жай-жапсары анықталған сот отырыстарына қатысуға рұқсат алды. 12 томнан тұратын істі судья Жанұзақов алқабилердің қатысуымен егжей-тегжейлі қарады. Сотқа бұрын келмеген куәгерлер шақырылып, тың деректердің беті ашылды.
Бірақ, айыпталушылардан Төлепбергенов барлық кінәні өз мойнына алып, қылмысты жалғыз өзім жасадым дегеннен танбады, ал Хамидуллин тек кісі өлімі жайлы хабарламадым деп ақталды.


Дегенмен, төрт айға жуық уақытқа созылған сот отырысына бүгін соңғы нүкте қойылды. Сот үкіміне сай, марқұмның серіктесі болған Хамидуллин де, оның күзетшісі Төлепбергенов те 15 жылға бас бостандықтарынан айырылды.
«Мен алдыңғы сот шешімінен соң Қазақстанда әділдік жоқ шығар деп ойлап, күдерімді үзе бастап едім. Бірақ, бүгін бұл ойымның қате екенін түсіндім. Қылмыскерлерге лайықты жаза тағайындалды деп білемін. Енді менің ағам мәңгілік мекенінде тыныш ұйықтайтын шығар деп сенемін...» - деп көз жасына ерік берді марқұмның қарындасы Сәуле Жайсан.
Қарсы тарап үкіммен келіспеген жағдайда 15 күн ішінде жоғары инстанцияларға шағымдануға құқылы.