«Бақытты отбасы» бағдарламасына кімдер қатыса алады?
Главные вкладки
Еліміз бойынша былтырдан бері тұрғын үй алуға мүмкіндік беретін «Бақытты отбасы» бағдарламасы жүзеге асуда. Аталған бағдарлама табысы төмен азаматтардың үйлі болуына мүмкіндік береді.
«Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша тұрғын үйге қалай қол жеткізуге болатындығы жөнінде арнайы мамандар айтып берді. Аудан әкімдігінің мәжіліс залына жиналған аналарға бағдарлама мүмкіндіктері жайлы аудан әкімінің орынбасары Алмасбек Әшімбай, «Тұрғын үй жинақ банкінің» Қарасай ауданы бойынша филиалының басшысы Дәурен Мендіханов пен маманы Олжас Төлегенов, сондай-ақ аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімі мамандары түсінік берді.
Бағдарлама бойынша алғашқы жарна тұрғын үй құнының 10%-ы, мөлшерлеме - 2%. Несие 20 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Сондай-ақ бастапқы жарнаға көмек ретінде мемлекет тарапынан 1 миллион теңгеге дейін субсидия қарастырылған. Бағдарламаға көпбалалы, толық емес отбасылар және мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар қатыса алады.
Бұдан бөлек бағдарламаға қатысу үшін сіз ең әуелі әкімдікте баспана кезегінде тұруыңыз шарт. Егер осы талаптарға сай болсаңыз, әкімдіктен жолдама аласыз. Айта кетейік, өтінім берушінің атында соңғы бес жылда ешқандай жылжымайтын мүлік тіркелмеген болуы керек.
Әкімдік жолдама берген соң «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» барасыз. Банктің де өз шарттары бар. Егер қойылған талаптың барлығына сай болсаңыз, бұл сіздің баспаналы болуыңызға берілген үлкен мүмкіндік.
Былтырғы жылы осы бағдарлама арқылы Қарасай ауданында 96 отбасы үйлі болған.