Алматы облысында көлігімен төрт оқушыны қаққан жүргізушіге сот үкімі шықты
Главные вкладки
Алматы облысында 2 наурыз күні мас күйде "УАЗ" көлігімен төрт оқушыны қағып кеткен жүргізушіге сот үкімі шықты
Сот процесі №2 Еңбекшіқазақ аудандық сотында судья Айнұр Балтақайдың төрағалығымен өткен.
Айыпталушы Әсет Демесіновтің кінәсі дәлелденген. Сот үкімімен ер адам 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Еске сала кетейік, қайғылы жайт 2 наурыз күні Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Қорам ауылында болған еді. 54 жастағы жүргізуші 8-9 жастағы 4 оқушыны қағып кеткен болатын.
Жол апатының салдарынан 3 қыз бала зардап шегіп, кейін олардың екеуі көз жұмды. Ал, жүргізушінің сол кезде көлікке мас күйінде (орташа дәрежеде) отырғаны анықталды. Сондай-ақ, 28 сәуір күні тергеу процесі аяқталып, Алматы облысының прокуратурасы істі қарау үшін сотқа жолдағанын жазған едік.
Айта кетсек, бұл жайт мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты да бей-жай қалдырмады. Президент көлік жүргізушісін заңға сәйкес жауапқа тарту үшін аталған оқиғаны жан-жақты тексеру жөнінде тапсырма берді.
"Президент Алматы облысында мас жүргізушінің төрт оқушы қызды қағып кеткен жол-көлік оқиғасына қатысты тергеу жұмыстарын өз бақылауына алды", - деген еді оның баспасөз хатшысы Берік Уәли.
Сонымен бірге, зардап шеккен қыздар мен олардың ата-аналарына тиісті көмек көрсетілетіні хабарланған болатын.