Астанада екі автобус соқтығысты: зардап шеккендер бар

Главные вкладки

ноя 26, 2021 / 0 комментарии

Нұр-Сұлтанда жолаушылар автобусы қарсы бағыттағы жолаққа шығып кетіп, тағы бір автобусқа соқтығысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

CTS компаниясы хабарлағандай, жол-көлік оқиғасы 26 қараша күні сағат 10.50-де Байсейітова көшесінде «Шақпақ» аялдамасы маңында болған.

«№20 бағдарлы автобустың жүргізушісі рульді басқара алмай, қарсы бағытқа шығып кетіп, нәтижесінде № 39 бағдарлы автобуспен соқтығысты.

Оқиға орнына келген полиция қызметкері № 20 автобус жүргізушісіне қатысты хаттама толтырды. Осыған қатысты шешім қабылдау үшін анықтау бөліміне жіберіледі. Жүргізуші ЖҚЕ бойынша бұзушылықтар тізілімінде көрсетілмейді. Жолаушылар көлігіндегі еңбек өтілі – 5 жыл. Рейс алдындағы медициналық тексеруден өту уақыты – 06.00, желіге кіру рұқсаты бар», — деді CTS.

Компанияның мәліметінше, 1961 және 1954 жылы туған екі жолаушы жарақат алып ауруханаға жеткізілді.

Автопарк басшылығы жүргізуші жұмыстан шеттетіліп, тәртіптік кеңеске жіберілетіні атап өтілді.