Атамбаев неге абақтыға жабылды?
Главные вкладки
Көрші елдегі дүрбелең жұртшылықты дүр сілкіндірді.
Алмазбек Атамбаевтың Бішкектен 20 километр жерде орналасқан Қой-Тас ауылындағы үйіне шабуыл жасалғаны туралы бейнежазбалар әлеуметтік желіде кең тарады.
Күш құрылымдары Атамбаевтың үйінің ауласына баса-көктеп кіріп, ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті мәлімдегендей, резеңке оқпен ата бастаған.
Атамбаевтың жақтастары күш құрылымдарының әрекетіне жауап ретінде үйге кірді. Кейінірек белгілі болғандай, олар арнайы жасақ сарбаздарын кепілге алды.
Қырғызстанның бұрынғы басшысын ұстау операциясы сәтсіз аяқталды.
Республиканың денсаулық сақтау министрлігінің соңғы мәліметіне сәйкес, 48 адам зардап шеккен. Бір арнайы жасақ сарбазы операция кезінде кеуде тұсына тиген оқтан қаза болды.
Көп ұзамай Қырғыз елінің бұрынғы басшысы Алмазбек Атамбаев 26 тамызға дейін тұтқындалды. Бұл – Бішкектегі Первомай аудандық сотының шешімі. 3 сағатқа созылған мәміледен соң Атамбаев құқық қорғау органдарына өз еркімен берілді. Экс-президент қантөгісті тоқтатуды және өз жақтастарының жапа шекпеуін қалайтындығын айтты.
Атамбаевтың Қой-Таштағы үйінен автоматтар, тапаншалар тәркіленді. Тұтқынға түскен жасақтың 6 әскері кері қайтарылды. Алмазбек Атамбаевты құрықтау кезінде әскерилер оның жақтастарына көзден жас шығаратын газ қолданды. Себебі, олар билікке қарсыласып, Қой-Таштағы үйдің ауласын күні-түні торауылдаған еді. Атамбаев ұсталған соң оның 1000-ға жуық жақтасы Ала Тоо алаңы мен Бішкектегі басты көшелерге шығып, жолды бөгеп наразылықтарын білдірді. Ал экс-президенттің адвокаты Сергей Слесарев Атамбаевты тұтқындау операциясы мен оған тағылатын айыптар алдын-ала жоспарлаған. Билік мемлекеттік күзеттің қорғауындағы адамды тұтқындап, Ата Заңға қайшы әрекет жасап отыр деді.
Адвокаттың айтуынша, Атамбаев ешқандай құжатқа қол қоймағанын және қылмыстық топтың серкесі Азиз Батукаевтың бостандыққа шығуына еш қатысы жоқтығын дәлелдеуге дайын.
Қазір өңірдегі ахуал тәртіп сақшыларының бақылауында. Сарапшылар алдағы уақытта қантөгіске ұласатын наразылықтың болуы екіталай дейді. Себебі, елдегі сақтық шаралары барынша күшейтілген режимге көшті.
Еске сала кетсек, 13 маусым күні Қырғызстан парламенті арнайы комиссия құрған болатын. Комиссия Алмазбек Атамбаевтың алты қылмысқа қатысы бар болуы мүмкін деген қорытынды жасады. 20 маусым күні Жоғарғы кеңес бұл қорытындыны мақұлдап, Бас прокуратураға жіберген.
Кейін бас прокурор алты фактінің бесеуі бойынша қылмыстық іс қозғауға негіз бар екенін айтты. 27 маусым күні Кеңес Атамбаевты экс-президент мәртебесінен айыру туралы шешім қабылдады.
Бұдан соң саясаткердің үйінің маңында жақтастары жинала бастады. ІІМ тергеу тобы Атамбаевты үш рет жауап алуға шақырды. Алайда ол барған жоқ. Себебі, жоғарғы кеңес шешімін заңсыз деп санайтынын алға тартқан. Сөйтіп, Атамбаев Коституциялық палатаға талап жолдады.
Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков Алмазбек Атамбаевтың ісі заң аясында шешілуі тиіс екенін мәлімдеді.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстанда болып жатқан жағдайды мұқият бақылап отыр, деп хабарлады оның баспасөз хатшысы. "Мемлекет басшысы бауырлас көрші елдегі ахуал Қырғыз Республикасының ішкі шаруасы деп есептейді", - деді Берік Уәли.
Сонымен қатар, саясаткерлер де көрші елдегі жағдайға қатысты ойларын жеткізуде. Мысалы, Досым Сәтбаев Қырғызстан президентінің бұл жағдайдан шығатын екі жолы барын айтады. Біріншісі - бұрынғы әріптестері Ақаев пен Бакиев сияқты елден қашу және екіншісі - елде қалып, барынша қорғанып, күрес жүргізу. Парламент сайлауы алдында жақтастарымен бірлесе жұмыс жүргізіп, елдегі ахуалды өзгерту.
Ал, Қазақстан бейтарап көзқарасты ұстанатын болады деген ойда саясаткер. Себебі, шекара ортақ және қандайда бір қарсы пірік білдіру өзара сауда-саттыққа кесірін тигізхуі ықтимал. Сонымен қатар, саясаткер көрші ел халықтың саяси ойындардан әбден шаршағандығын алға тартты. Сондықтан болашақта Қырғызстанда үшінші революцияның да болуы әбден ықтимал.