Атырау облысында тағы бір жер дауы басталды

Главные вкладки

апр 21, 2021 / 0 комментарии

Атырау облысында тағы бір үлкен жер дауы бастау алды. Қала маңындағы Тасқала ауылының 100-ден астам тұрғыны жеке компанияның карьерде жұмыс жүргізуіне қарсылық білдіріп жатыр. Жергілікті және аймақтық билік бұл жағдайға түсініктеме берді деп хабарлайды "Ақ Жайық". 

Басылымның хабарлауынша, негізінде, Тасқала ауылының іргесінде тағы екі карьер бар. Олардың біреуін Атырау облысының әкімі болып тұрған кезінде ауыл іргесінен карьер қазуға қарсы болған Иманғали Тасмағамбетов жауып тастаған. Екіншісі пайдаланып болғаннан кейін иесіз қалып, қазір үлкен қоқыс орнына айналды. Жергілікті тұрғын Гүлсім Наубетова жаңа карьерді қолданады да, біріншісі секілді тастайды да кетеді деп ашуланды. Карьердің маңындағы тұрғылықты халықтан ешкім рұқсат сұрамаған. Тасқалалықтардың айтуынша, "Элитстрой" ЖШС Тасқаладан Атырауға топырақ тасып жатыр, канал арқылы өтетін көпірді бүлдіріп үлгерген. Ол жерде шұңқырлар пайда болып, жіктері ажырап жатыр. 

Ауыл ішімен топырақ тасымалдауға тыйым салынып, айналма жол белгіленсе де, жүргізушілер құлақ аспай отыр.

"Карьер қоршаған ортаға ғана емес, ауыл тұрғындарының денсаулығына да үлкен зиян келтіреді. Жел тұрған күндері біз осы шаңды жұтамыз. Ал бізде жел тұрмайтын күн болмайды. Сонымен қатар, жайылым аумағы да қысқарып қалды. Біздің пікірімізді білу үшін қоғамдық тыңдаулар неге ұйымдастырылмады? Конституцияда жердің халыққа тиесілі екендігі жазылған және біз бұл жерді қорғаймыз!", – деп мәлімдеді ауыл тұрғыны Абай Уәли.

Бұл кездесуде Кеңөзек ауылдық округінің әкімі Ернар Өтешқалиев те бой көрсеткен еді. Оның айтуынша, "ЭлитСтрой" ЖШС-да барлық құжаттар бар және кәсіпкерлер заңға сәйкес әрекет етіп жатыр. Ол жер бермес бұрын құзырлы органдар мәселені зерттеп, жан-жақты тексеріс жүргізіп, зерделегенін атап өтті. 

Әкімнің сөзін серіктестік өкілі Ғаділбек Өмірзақов және Атырау облысы табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қадыржан Арыстан растады.

"Бұл жерлерді жалға беру облыс әкімінің қаулысымен бекітілді. Біз өзгерте алмайтын нормативтік құжаттар бар, өйткені оны тек орталықтан ғана жүзеге асыруға болады. Біз мәжіліс депутаттарынан елді мекендердің іргесінен карьер қазуға тыйым салуды сұрауымыз керек. Тек осылай ғана мәселені шешуге болады", – деп жауап берді Қадыржан Арыстан.

Бұл үлкен даудың шығуына байланысты карьердегі жұмыс уақытша тоқтатылды.