Ақмола облысында бір жастан асқан қыз бала жетінші қабаттан құлап, көз жұмды
Главные вкладки
Ақмола облысы Көкшетау қаласында бір жастан асқан қыз бала жетінші қабаттағы пәтердің терезесінен құлап мерт болды деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақмола облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ақмола облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қыз бала терезеден мамырдың 14-і күні кешкі сағат 18:55 шамасында құлап кеткен. Қайғылы жағдай туралы Көкшетау қалалық полиция басқармасының кезекші бөліміне жедел жәрдем фельдшері хабарлап айтқан.
"Абылай хан көшесі, 15 мекенжайында орналасқан 9 қабатты тұрғын үйдің жетінші қабатынан қыз бала құлап кетті. Алдағы маусым айында бүлдіршін 2 жасқа толатын еді", - дейді Ақмола облыстық полиция департаменті баспасөз қызметіндегілер.
Белгілі болғандай, сәби пәтердің ашық тұрған терезесінен абайсызда құлаған. Қазіргі кезде оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
Қылмыстық кодекстің 141-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Еске салсақ, бұған дейін Қостанай облысында 2019 жылы туған балақай көппәтерлі тұрғын үйдің екінші қабатынан құлап кеткенін жазған едік. Одан бөлек, Ақтөбедегі Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары сәби өмірін сақтап қалатын "ақылды терезе" ойлап тапқанын жазған болатынбыз.Жобаны іске асыруға оқушыларға мектептің информатика және физика пәндерінің мұғалімі көмектескен. Жетекшілері "ақылды терезені" тек пәтерге емес, мектеп, балабақшаға қондыруға кеңес береді.