БАҒАЛЫ БАЛЫҚҚА ЖОЛ АШЫЛДЫ

Главные вкладки

авг 13, 2021 / 0 комментарии

Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы балық аулау алаңдарының резервтік қорында қойылмалы торларды қолдану арқылы жыл бойы балық аулауға енді заңды тұрғыда тыйым салынады, деп хабарлайды Атырау облысы Балық шаруашылығы басқармасының баспасөз қызметі.

Мұндай өзгеріс биыл 17 тамыздан бастап енгізілмек.

Атырау облысы Балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлының айтуынша, қазір Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінде қойылмалы торлар көбірек қолданылатыны анықталып отыр. Ал, бұл өз кезегінде жыл сайын су астындағы тіршілік иелеріне, әсіресе, ерекше қорғалатын бекіре балықтары мен итбалықтардың көбеюіне теріс әсерін тигізіп отыр.

 

– Атырау облысының акваториясында су кеңістігін пайдалану ережесі (Жайық өзенінің сағасынан солға және оңға  – 50 шақырым және 3 метр тереңдікке дейін) толық сақталмайды. Жанар-жағармай мен уақытты үнемдеу үшін немесе тиісті материалдық-техникалық базаның жоқтығынан балықшылар ережеде көрсетілгендей Жайық өзенінің сағасынан 50 км қашықтықта жүрмейді. Олар тікелей тыйым салынған аймақта тор құрады. Нәтижесінде, уылдырық шашуға немесе қыстау үшін өзенге кіретін су маржандары торға түсіп жатады. Міне, соның салдарынан соңғы жылдары Жайық өңіріне қоныс аударатын жартылай өтпелі балық саны айтарлықтай азайып отыр, – дейді басқарма басшысы.

 

Солтүстік Каспийдің таяз суларында торларға бекіре тұқымдас балық шабақтары түседі. Себебі, олар үшін таяз жерде азық көп. Әйтсе де, тамақтануға келген бағалы балықтар балықшылардың тұзағына түсіп, өліп жатады. Міне, сондықтан да, өткен ХХ ғасырдың алпысыншы жылдары Каспий теңізінде балық аулауға мүлде тыйым салынған болатын.

Айта кетейік, аталған өзгеріс еліміздің Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Балық шаруашылығы комитеті «Жануарлар дүниесі объектілерін, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдалануға шектеулер мен тыйым салуларды енгізу, оларды пайдалану орындары мен мерзімдерін белгілеу туралы» Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының міндетін атқарушының 2015 жылғы 24 шілдедегі №190 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы» 2021 жылғы 3 тамыздағы № 30-4-8/77 бұйрықпен бекітіліп отыр. Ол Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2021 жылғы 4 тамызда №23849 болып тіркелген.

 

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ,

Атырау облысы Балық шаруашылығы басқармасының баспасөз өкілі