Демалыста базарлар, дәмханалар жабылады: Түркістан облысында карантин күшейтіледі
Главные вкладки
Түркістан облысында демалыс күндері карантиндік шектеу шаралары күшейтіледі. Бұл туралы ӨКҚ өткен брифингте облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Бақтыораз Елемесов мәлімдеді деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бақтыораз Елемесовтың айтуынша, өңір эпидемиологиялық бағалау матрицасы бойынша сары аймаққа енуіне байланысты өңірде карантин талаптары күшейтіледі.
"Облыстық бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысына сәйкес, демалыс күндері қоғамдық көлік, балалар ойын алаңдары, аттракциондар, батуттар, сұлулық салондары, туристік базалар, демалыс үйлері, бассейндер, монша, сауналар, облысаралық және қалалық тұрақты емес тасымалдар, компьютерлік клубтар, караоке боулинг орталықтары да қызмет көрсетпейді. Демалыс күндері жұмысын тоқтататындардың қатарында ашық және жабық базарлар да бар. Осы ретте өңірде вакцина салдыру бойынша әлі де ұжымдық иммунитет қалыптаса қоймағанын айтқым келеді", – дейді Елемесов.
Жаңа қаулы 22 шілде күнінен бастап күшіне енеді. Ал вакциналау бойынша меншік нысанына қарамай өңірдегі барлық ұжым басшыларына өз қызметкерлерінің 10 тамызға дейін екпенің 1-ші дозасын, ал 1 қыркүйекке дейін 2-ші компонентін алуын ұйымдастыру тапсырылды.
"Денсаулығы бола тұра коронавирусқа қарсы екпені алмаған азамат көзбе-көз, яғни офлайн режимдегі жұмыстан шеттетіледі. Бұл ең алдымен өзіңіздің және айналадағы адамдардың денсаулығына қауіп төндірмеу мақсатында еліміз бойынша барлық өңірде жүзеге асырылып жатқан жалпыға бірдей ереже. Өңірде вакцина салдыру қарқынын әлі де күшейтіп, ұжымдық иммунитет қалыптастыру керек. Ел президентінен бастап, үкімет барлығы осы бағытта жұмыс істеп отыр", - дейді Бақтыораз Елемесов.