Діни көзқарас өмірге қауіп әкелмеуі керек
Главные вкладки
3 мамыр күні аудандық кітіпханада «Жастар арасында терроризм мен экстремизмнің алдын алу» тақырыбында кездесу өтті, деп хабарлайды Kaskelenkz тілшісі.
«Аяжан Қарасай», «Жәрдем», Қаскелең мәдениет колледжінің студенттері қатысқан жиынға дін мен мемлекеттің өзара байланысы, діннің жастар өміріне берер пайдасы туралы нақты ақпарат айту үшін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ философия және саясаттану факультетінің доценті PhD доктор Дамира Сиқымбаева арнайы келді.
Әлемде және Қазақстандағы терроризммен күресу шаралары не үшін жүргізіледі және бұл ретте жастар нені білуі керек деген сұрақтарға аудандық әкімдіктің теолог-инспекторы Бауыржан Жадрин жақсы жауап берді. Ол бейнеролик арқылы жастардың дүниетанымын арттыруға үлес қосты.
Ал, осы кездесуге арнайы шақырылған қонақтардың бірі, Қарасай аудандық орталық ауруханасының дәрігер-валеологы Дана Таждинова діни көзқарасқа байланысты екпеден бас тартушылар жайлы айтты.
«Жалпы ауданымызда көптеген ата-аналар әртүрлі ұстаныммен екпеден бас тартып, сәбидің өміріне жұқпалы арулардан қауіп төндіреді. Олардың ішінде діни көзқараспен екпеден бас тартушылар да кездеседі. Екпеден бас тартушы ата-аналармен сөйлесу барысында оларға нақты сұрақ қойылады. «Не себепті сәбиге екпе салдырудан бас тартасыз?» деген. Өкінішке орай, жас аналар тиянақты жауап таппайды. Ғаламтордан оқыған ақпараттарын, таныстардан естіген жағдайларын мысалға келтіріп жатады. Кейде олар екпенің пайдасы,тиімділігі туралы білмейтінін айтады. Барлық жағдайда екпеден бас тартуға нақты дәлел жоқ, күмән көбірек екені анықталды. Дәрігер ретінде, екпеге қатысты күмәнды жойып, тиімділігі медицинада дәлелденген екпені салдыруға кеңес берер едім. Себебі тек екпе ғана сәбидің организміне жасанды иммунитет тудырып, қандай да бір жұқпаға қарсы тұру қабілетін жоғарылатады. Бүгінде туберкулезге, вирусты гепатитке, қызылша мен көк жөтелге қарсы тағы да көптеген жұқпаларға қарсы екпелер күнтізбеге сәйкес мемлекет есебінен тегін салынып, өскелең ұрпақтың денсаулығын нығайтуда маңызды роль атқарып отыр»- дей келе, көптеген елдерде екпе жұмысы ақылы түрде жасалса, терроризм салдарынан соғыс болып жатқан бірқатар елдерде мүлдем екпе жасалмағандықтан, сәбилер жұқпалы аурудан қаза болатынын мысалға келтірді.
Жастар тарапынан да екпенің түрлері, оларды салу мерзімдері, пайдасы және мүмкін болатын асқынулары туралы көптеген сұрақтар қойылды. Сөз соңында Дана Таждинова жастарға Қарасай аудандық орталық ауруханасынан ашылған жастардың денсаулық орталығының, отбасын жоспарлау және дені сау сәби кабинетінің жұмысы туралы айтып, жастарды волонтерлікке шақырды. Қазіргі жастар көзі ашық, көкірегі ояу болып, денсаулық, білім, дін, қоғам, мемлекет тақырыбында ойланып, ата-анасымен қатар жауапкершілікті сезіне білуге міндетті екенін де әңгіме арқауына айналдырды. Сондай-ақ, сөз соңында, бұл күні 95 студент ақпаратпен қамтылғанын, оларға қосымша жадынамалар таратылғанын да айта кеткен жөн.