Елисей сарайында қазақстан-француз стратегиялық серіктестігінің даму перспективалары талқыланды
Главные вкладки
Қазақстан мен Франция 2008 жылы орнатылған екіжақты стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға және кеңейтуге бел буды. Бұл Қазақстан Республикасының Елшісі Жан Ғалиевтің Франция Республикасы Президентінің кеңесшісі Изабель Дюмонмен кездесуінің арқауы болды.
Дипломаттар екі елдің сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуға, екіжақты форматта және халықаралық ұйымдар шеңберінде саяси диалогты нығайтуға, мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейтуге бағытталған күш-жігерінің оң нәтижесін атап өтті.
Өзара іс-қимылдың жаңа перспективаларын талқылау 2030 жылға дейінгі қазақстан-француз сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастығының жаңа кезеңіне арналған Жол картасын әзірлеу аясында өтті. Екі мемлекет басшылары бастамашылық еткен бұл құжат жаңа өндірістер мен жұмыс орындарын ашуға бағытталған Қазақстан мен Францияның мүдделеріне жауап беретін бірнеше ондаған нақты инвестициялық және сауда жобаларын қамтиды.
Сұхбаттасушылар жақын арада жаңа жобаларды егжей-тегжейлі талқылауға және жоғары деңгейдегі кездесуге қомақты негіз дайындауға мүмкіндік беретін екіжақты экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссияның кезекті отырысы өтеді деп үміт білдірді.
И.Дюмон биылғы жылы коронавирус пандемиясы жағдайында цифрлық форматқа көшірілген «Франциядағы Қазақстан күзі» үшінші мәдени маусымын өткізу туралы бастаманы құптап, ерекше атап өтті.